Ақтөбе қаласында Қазақ телевизиясының 60 жылдығы қарсаңында медиа-музей ашылды
Арнасының алғашқы жаңалық жүргізушілері Мәриям Айымбетова, Иван Ушанов пен Людмила Незванкиналардың суреттері сақталған. Ақтөбе телевизиясы 1960-шы жылдың 29-шы қазан күні хабар тарата бастады. Алғашқы бағдарламалардың барлығы тікелей эфирде жүргізіліп, көрерменге соңғы жаңалықтарды жеткізген. Сол күндерден қалған естелік-бұйымдар бүгінде облыстық арнаның медиа-музейінде сақтаулы.
Жексенбай Құлданов, облыстық телеарнаның бас инженері:
-«Кинопроизводство» деген бізде отдельно цех болған. Ол киноға түсіріп алып келгеннен кейін, мысалы мына кинокамерамен, одан кейін оны проявкадан өткізіп, содан кейін ленталар шығады. Одан кейін ол киноның ленталары монтаждалады.
Ақтөбе телевизиясында 25 жылға таяу еңбек ететін Гүлмира Досмұратова: «Алғашында режиссердің көмекші ретінде жұмысқа орналасқан. Тоқыраулы тоқсаныншы жылдары көгілдір экраннан көрерменнің көңіл-күйін көтеруге тырыстық», – дейді.
Гүлмира Досмұратова, телережиссер:
-Менің ең бірінші ұстазым Әмзе Үсенұлы Әуесов болды. Осы Ақтөбедегі бас режиссердің бірі. Сол кездегі телевидениенің қарапайым мүмкіндігін барынша пайдаланып, көптеген қызықты хабар жасаған өте талантты режиссердің бірі болды. Эфирдің реңін келтіре алатын.
Телебағдарламалар жасаудың қыр сырын үйреткен Әмзе Үсенұлы Әуесов жергілікті арнада 20 жылға жуық қызмет еткен. Бұл орайда ұрпақтар сабақтастығын сөз ету жөн. Себебі Әмзе Әуесовтың қызы Ләйлә Әуесова әке жолын жалғастырып, журналистика саласын таңдаған. 20 жылға жуық жаңалықтардың ортасында жүрген әріптесім – бүгінде «Хабар» Агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.
Ләйлә Әуесова, тілші:
-Мен бала күнімнен әкеммен бірге телевидениенің айналасында жүрдім. Балабақшадағы тобымызбен бірге жаңажылдық бағдарламаға қатысқаным есімде. Сол кезден бері қолымнан микрофон түскен жоқ.
Ақтөбе телевизиясына еңбегі сіңген дыбыс режиссеры Алтын Жолдыбаева да ізбасарларымен мақтан тұтады. Бүгінде еңбек демалысындағы Алтын апайдың қолынан ондаған шәкірт өсіп, талай жүргізушілер эфирге шыққан.
Алтын Жолдыбаева, облыстық телевизия ардагері:
-Бұрынғы кезде біздер техникалық мүмкіндігіміз өте қиын болды. Қазіргі техника компактно түрде. Өте жақсы. Ыңғайлы. Сапалы түрде передачалар жасалады.
Алтын апайдың ұлы Рустам Жолдыбаев та телевизия саласында қызмет етеді. Бесаспап маман – таспаға түсіріп, бейнеқұрастырудың хас шебері. Қазір «Хабар» Агенттігінің қозғалмалы станциясының инженері.
Мансұр Есқожин, тілші:
-Қазақ телевизиясының 60 жылдығы қарсаңында жаңа заман талабына сәйкес отандық арналардың барлығы цифрлық жүйеге көшуде.
Жаңалықтарды жеткізу жылдамдығы артып, әлемнің кез келген нүктесінен тікелей эфирге шығу мүмкіндік бар. Ал көрерменге соңғы әрі нақты ақпаратты жеткізу үшін тілшілер мен бейнеоператорлардан бастап топтың әрбір мүшесі бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, бір адамдай еңбек етуі тиіс.