Телеоператор – мәртебелі мамандық
Арнамызда қазақ телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан жандар аз емес. Олар – «Хабар» Агенттігі құрылғалы бері осы күнге дейін еліміздегі маңызды оқиғаларды таспаға басып, көрерменге жеткізіп жүрген әріптестеріміз Қайрат Атагелдиев пен Мұхит Құдықбаев.
«Хабар» Агенттігінің Алматы филиалындағы әйгілі 4-ші студияда кезекті түсірілімге дайындық жұмыстарын аға оператор Қайрат Атагелдиев тексеріп, пысықтап жатыр. Жалпы Қайрат Камалұлы – қазақ телевизиясы саласындағы қазақтан шыққан алғашқы бас оператор. Осы жылдары жүздеген деректі фильм түсіріп, Мемлекет басшысының көптеген шетелдегі сапарын таспаға басқан. Тіпті бір жылдары Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс аймағында болады.
Қайрат Атагелдиев, «Хабар» арнасының аға телеоператоры:
– Сол танкіні ұстап тұрмын. Сол танкі екі 5 қабатты ғимарат жанынан өтіп бара жатқанда, бір 5 этаж ғимаратты жарды. Тастар танкінің үстіне түсті. Үйдің барлығы соған құлады. Сол жерде 20 шақты телекомпаниясы тұрған. Соны мен жалғыз ғана түсіріп үлгердім. Барлығы артымнан «касетаңды сатшы» деп жүгірді. Сондай қызықтар болған.
Телевизия өнімдері ең алдымен көріністен тұрады. «Көріністі сапалы түсіріп, көп адам аңғара бермейтін жайттарды композициясымен байытып, ұтымды жеткізе білу, әрине, бейнеоператордың шеберлігіне байланысты», – дейді кәсіби маман.
Қайрат Атагелдиев, «Хабар» арнасының аға телеоператоры:
– Өзінің таңдаған мамандығына сай болмаса, біз ондай операторларды ұстамаймыз. Оператор деген білімді, жан-жақты болуы керек. Ол жалғыз техниканы білу ғана емес.
Мұхит Құдықбаевтың да есімі ел құлағына жақсы таныс. Жағымды жаңалықты жаны жақсы көретін жайсаң мінезді азамат камерасын арқалап, әлемнің 30-дан астам елінде болған. Ол түсірген оқиғалар телеарна мұрағатының алтын қорында.
Мұхит Құдықбаев, «Хабар» арнасының телеоператоры:
– Жүз естігеннен бір рет көрген артық. Сондықтан осы телевидениенің 80 пайызы бейнебаяннан тұрады. Сол біздің жұмысымыздан тұрады.
Телевизия бейнеоператорлардың қызметінсіз дамуы мүмкін емес. Өйткені олар түсірген әрбір оқиға ертесіне-ақ тарих қойнауына кетеді.
Авторлары: Алмас Сәдуақас, Кенже Амраев