Ел аймақтарында аяз қаhарынан қайтар емес. Өңір жаңалықтары
Өткен тәулікте ТЖМ құтқарушылары 147 адамды құтқарды.
Солтүстік Қазақстан облысында саршұнақ аяз басталғалы 12 адамды үсік шалып, 5 ауруханаға жатқызылды.
Қазір науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында. Кейбіріне операция жасалуы мүмкін. Сондай-ақ мұзға тайып жығылып, жарақат алғандар көбейген. Мәселен, соңғы екі аптада қалада 300 аса дерек тіркелді. Жалпы өңірде бір аптадан бері аяздың беті қайтар емес. Температура кей жерлерде 35-40 градусқа дейін төмендеді.
Ал Қарағанды облысында қыс басталғалы 23 адамды үсік шалып, олар ауруханаға түскен.
Науқастардың 14 амбулаторлық емдеуге жіберілді, 9 ауруханаға жатқызылды. Синоптиктер алдағы күндері өңірде жел екпіні күшейіп, жылдамдығы секундына 35 метрге дейін жетеді деп отыр. Ал ауа температурасы 30 градусқа төмендеуі мүмкін. Мамандар тұрғындарды жылы киініп жүруге шақырады.
Ақмола облысында орта жолда сынып қалған автобустан 31 шетелдік құтқарылды.
Оның екеуі – бала. Қытымыр аязда жолда қалғандар Тәжікстан азаматтары болып шықты. Олар Көкшетаудағы жылыту пунктіне жеткізілді. Өткен тәулікте құтқарушылар 147 адамды эвакуациялады. Мамандар бұл күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді. Жолда қалып қойсаңыз, құтқару қызметінің «112» номеріне хабарласуға болады.
Түркістан облысында бір отар қойымен бірге боранда қалған шопан табылды.
58 жастағы Отырар ауданы Сарыкөл ауылының тұрғыны кешегі қатты бұрғасында бағып жүрген қойымен бірге адасып, хабарсыз кеткен еді. Құтқарушылар түнімен іздестіру жұмыстарын жүргізіп, таңғы 05:00 шамасында ер адамды қойымен бірге Сарыкөл ауылынан 25 шақырым жердегі қараусыз қалған қорада тапты.