Құтқарушылар жыл басынан бері 12 мың адамды құтқарды
Көктемгі алапат тасқын кезінде құтқарушылардың ерен еңбегінің арқасында адам шығыны болған жоқ. Бұдан бөлек маусымдық өрт қауіпті кезеңі мен өзге де оқыс оқиғаларда бірінші көмекке келетін осы құтқарушылар.
Жыл басынан бері 112 номері 3,5 млн қоңырау қабылдапты. Нақты көмекке мұқтаж деген шақыртуларға барған мамандар 12 мың адамды құтқарған. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою – олардың басты миссиясы.
Өрт туралы хабар түскенде әр секунд маңызды. Міне, санаулы сәтте Ақан Рамазанов жетекшілік ететін топ жолға шығып үлгерді. Аршалы қаласындағы кәсіпорындардың бірінде қойма тұтанған.
Ақан Рамазанов, қарауыл бастығы:
- Қазіргі таңда болып жатқан өрт ең қарапайым шақырту. Біз бұдан да қиын шақыртуларға шығамыз. Төтенше жағдай бізге айтып келмейді. Осы жұмысты кейде 2-3 күндеп атқарамыз. Өрт сөндіріп жатқан кезде газ баллон жарылған кездер де болды. Бірақ біздің жұмысымыз қорықпай, өртті әрі қарай сөндіру керек. Адамдарға көмек керек.
Кейіпкеріміздің айтқан сөзін мына бейнекадрлар да растайды. Жеке үйлер мен ғимараттардан бөлек дала және орман өртін сөндіру де осы топтың міндеті. Күрежолда көлік апаты болып, соңы өртке ұласса тағы да құтқарушылар көмекке келеді. Қызыл жалын ортасында қалғандарды қауіпсіз жерге шығарып, жағдайы қиын дегендерін дәрігерге жеткізетін де осы азаматтар.
Сағындық Дияров, апаттар медицина орталығының дәрігері:
- Улану. Кейде қол-аяқтың сынуы, ми жарақаты болуы мүмкін. Естен талу, клиникалық өлім жағдайына дейін келуі мүмкін. Машинамызда бүкіл құралдар бар. Ауруын басатын дәрілер беріп, қысымы болса, система салып, жергілікті ауруханаға жеткіземіз.
Еліміз бойынша айтатын болсақ, биылдың өзінде құтқарушылар 4 мың адамға медициналық көмек көрсеткен. Түрлі төтенше жағдайға тап болған 12 мың адам құтқарылыпты. 64 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Құтқарушылар мен халықты және қажетті құрал-жабдықты тасымалдау үшін 1700 рет тікұшақ пен ұшақ қолданылған.
Тілеуберді Мадиев, ҚР ТЖМ командалық орталық бастығының орынбасары:
- Елімізде құтқарушыларды дайындайтын бұл Көкшетау қаласында азаматтық қорғау академиясында дайындық жүргізіледі. 4 жылдық оқу кестесімен құтқарушылар дайындалады.
Кейіпкеріміз де осы аталмыш оқу орнының түлегі. Құтқарушылар сабында еңбек етіп жүргеніне 11 жыл болыпты.
Ақан Рамазанов, қарауыл бастығы:
- Өртсөндірушілер туралы естідім. Теледидардан көресің. Таныстар, туысқандар жұмыс жасады. Әскерден келген соң қайда барарымды ойланып өртсөндіруші боламын деп шештім. Қазір де осы салада істеп жүргеніме қуаныштымын. Өрт өшеді. Адамдарға көмектестің. Сөзбен айта алмайтын бір іште патриоттық сезім болады.
Ақан Рамазанов сияқты елімізде күнделікті 4 мың құтқарушы кезекшілікке шығады. Дәл осы азаматтардың күшімен өрт сөндіріліп, қыста қар құрсауында қалғандар шығарылып, көктемде су тасқынының алдын алу мен салдарын жою жұмыстары атқарылады.
Халықаралық келісім аясында біздің құтқарушылар шетелге де шығады. Мәселен, өткен жылдары Ауғанстан мен Түркиядағы жер сілкінісінен соң үйінділер астынан адамдарды құтқару мен қираған ғимараттарды аршуға көмектесті.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин