Хабар телеарнасы

АҚШ пен Украинаның Сауд Арабиясындағы келіссөздері немен аяқталды?

Сауд Арабиясында өткен келіссөздерден кейін АҚШ пен Украина бірлескен мәлімдеме жариялады. Құжатқа сәйкес Киев 30 күнге атысты тоқтату жөнінде АҚШ ұсынысымен келісті. Бірақ бұл шартты орындауға Ресей де келісуі керек.

Вашингтон өз кезегінде барлау мәліметтерімен алмасу және әскери көмек бөлуді қайта бастады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио енді доп Ресей жағында, жоқ десе, бейбітшілік орнатуға кім қарсы екенін білеміз, - деді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Жаңа ғана Украинада атысты тоқтатуға келістік. Енді Ресейге баруымыз керек. Путин де осыған келісетініне үміт артамыз. Апта сайын мыңдаған сарбаз өліп жатқан бұл соғысты тоқтата аламыз. Атысты тоқтату өте маңызды. Егер Ресейді бұған көндірсек жақсы болар еді. Ал бұл қолымыздан келмесе, көп адам қаза болады.