Қазақстанда Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер жаңартылады.
Астанада өткен ғылыми-практикалық конференцияда оған енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды. Мамандар қандай әрекеттер үшін жаза қатаңдатылуы тиіс және қандай жағдайларда жауапкершіліктің өзге де шараларын қолдануға болады деген сұрақтар бойынша пікір алмасты.
Мәселен, қылмыстық теріс қылықтар санатын қарастырды. Оның бір бөлігі болашақта әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылса, қалғандары жеңіл қылмыстар қатарына енгізілуі мүмкін. Сондай-ақ жәбірленушілерді қорғау кепілдіктерін күшейту, соның ішінде келтірілген зиянды өтеу тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр.
Жанар Жігітекова, ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры:
– Жаза жүйесі және жалпы жаза институты қайта қаралады. Себебі жаза ең алдымен, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мақсатына қол жеткізуі керек. Мәселен, қазіргі таңда түзеу жұмыстары сияқты жаза түрі өзін-өзі ақтамай отыр. Өйткені бұл жаза түрі өте аз тағайындалады. Сондықтан оны сақтап қалу қажет пе деген мәселе де қарастырылуда.