«Халықтық құрылыстың» ақшасы аймақтарға да жетті. Үкімет Ақтөбе қаласында 5 мың орындық әмбебап спорт кешенін салуға 19 млрд-қа жуық теңге бөлді. Бұған дейін Жетісу облысының 6 ауданын газдандыруға да ауқымды ақшалай қаражат бөлінген еді. Ал жалпы ел аумағында 122 жобаға 500 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, жұмыстар басталған. Әсілінде алғашқы траншқа деп 1,5 трлн теңге сомасында сұрапыл ақша қарастырылып отыр. Қаражат қолды болып кетпей ме, оның орынды жұмсалуын кім және қалай қадағалайды деген мәселе жауапқа сұранады.
Қаржының жұмсалуын қадағалайтын комиссия құрылып жатыр. Демек халықтың ақшасы халыққа жететініне сенім бар ғой? Комиссия қадағалауды ғана емес, тәуекелі жоғары жобаларды да анықтайды, мемлекеттік сатып алулардың тазалығын да тексереді. Сенім туралы айтылуы үшін ол әуелі ақталуы керек шығар. Қалай десек те, қыруар жұмыс күтіп тұр. Не істеледі?
Алғысөзде айтылғандай, ақтөбеліктер үшін ақжолтай ақпаратқа тоқтала кетсек. Өңірде халық игілігіне 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Алайда қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме әлі де жоғары.
Соңғы үш жылда өңірде 31 нысан қолданысқа берілген. Бірақ облыс орталығының өзінде ғана 600 мыңнан астам тұрғын бар. Іргелі спорт кешені керек. Енді 31 мың шаршы метр аумақта 5 мың адамды еркін қабылдауға, республикалық және халықаралық жарыстарды қабылдай алатын көпбейінді әмбебап кешеннің құрылысы басталды. 2028 жылдың ақпан айында нысан тапсырылуы тиіс.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 1,5 трл теңгеге 262 жоба мақұлданса, 122-нің ақшасы аударылып, әне-міне жұмыстар басталмақ.
Атап айтқанда, 41 денсаулық сақтау нысанын салуға 344 млрд, мәдениет, спорт және туризм бағытында 23 жобаға 266 млрд, білім беру саласында 28 нысанға 101 млрд, көлік инфрақұрылымында 48 жобаға 369 млрд. Сумен қамту және су бөлу жобаларының саны 55, ақшасы 284 млрд және жылу, газбен қамту бағытындағы 67 жобаға 136 млрд тг көзделген.
Есте болса, кешелері Президент осы алапат ақшаның ақылмен жұмсалуын бақылайтын арнайы комиссия құруға пәрмен берді. Оның құрамы айқындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекіді.
Комиссияның құрылымына келсек, Жоғары аудиторлық палатаның басшысы – Әлихан Смайылов төраға ретінде таңдалды. Оның орынбасарлары: Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров пен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев. Комиссия құрамына: уәкілетті мемлекеттік органдар, құқық қорғау, оның ішінде қадағалау құрылымдарының өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, мәслихат төрағалары, бизнес пен сарапшылық қауымдастық, қоғам қайраткерлері және журналистер. Барлығы: 67 адам. Олардың қатарында біздің әріптестеріміз Риат Шони мен Вера Захарчук те бар екенін атап өтейік.
Енді олар халықтың ақшасына салынатын халықтық құрылыстың барысы мен ауқымы сол халықтың қатысуымен айшықталуы үшін күш салмақ.
Төлеген Күнәділов, «Халықтық құрылыс» мемлекеттік комиссиясының мүшесі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– Ең басты мәселе – ол тек қана салынған нысанның сапасы мен уақытында салынуы, қажеттілігіне сай болуында ғана емес. Сонымен қатар осы Ұлттық қордан болғандықтан әрбір бөлінген теңге жергілікті кәсіпкерлерді отандық тауар өндірушілер мен адами ресурстарды барынша тартуға бағытталуы керек.
Бұл комиссияның ерекшелігі сол, мемлекеттік және қоғамдық бақылау қатар жүргізіледі. Оны жаңа құрамынан да байқадық. Қысқасы жобаларды жоспарлау мен қаржыландырудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезең қамтылмақ. «Мемлекеттік сатып алулардағы заңбұзушылықтарға тосқауыл қою, мониторинг жүргізу, керек десеңіз, кемшіліктерді жою шараларын әзірлеп, тәуекелі жоғары жобаларды айрықша назарға аламыз», - деп отыр.
– Инвестицияның тиімділігін тек қана салынған нысанмен шектелмеу керек, ол жергілікті экономиканың дамуына да жаңа жұмыс орындарының ашылуына да және халықтың табысын арттыруына ықпал етуі керек.
Айта кету керек, су жаңа комиссия құрыла сала іске кірісіп кетті. Келесі аптада алғашқы отырысын өткізіп, нақты жобалар бойынша жұмысты бастайды. Аталған құрылым тоқсан және жыл сайын президентке есеп беріп отырады.