Қолайсыз ауа райы бірнеше өңір тұрғындарын әбігерге салды
Арқаның аязы мен ақтүтек бораны оңтүстікке қарай ойысты. Кешелі бері қолайсыз ауа райы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының халқын әбден әбігерге салды. Бұл құтқару қызметі мен жедел желінің де сыналар сәті.
Тар жол, тайғақ кешкендер. Бұл дәл қазір жолға шыққан отандастардың басындағы күй.
Тіпті шырайлы Шымкент пен Түркістанның жолдары қасат қардан әлі толық ашылған жоқ. Жолда қалған 600 көлік пен мыңнан астам адам жол бойында осылай жылынуда. Кешегі қатты желден Кентау қаласындағы мектеп, балабақшаға зақым келген. Бірнеше ауданда 19 мыңға жуық мекеме, үй атаулы жарықсыз қалды.
Асхат Ержанов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазіргі таңда 10 мың 453 абонент қуат көзіне қосылды. Қалған 8 мың 229 абонентті электр қуатына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бір қала және 2 ауданда ауызсумен қамту тоқтады. Кентау қаласы, Сауран, Түлкібас аудандары. Жалпы 23 мың 143 абонент. Қазіргі таңда Кентау қаласы 17 мың абонент су көзіне қосылды. Қалған екі аудан бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жауапты министрлік Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жолдардың әзір ашылмайтынын айтады. Себебі қолайсыз күн райы ертең де сақталуы мүмкін.
Ал осындай қиын күндері құтқару қызметтері қалай жұмыс істеп жатыр? Әлеуметтік желілерде әнші Меруерт Түсіпбаева 112 және 103 қызметінен қайран болмағаны туралы бейнежазба жариялады. Актриса тұрғын үйлердің бірінде қолын кесіп алған ер адамға көмектеспек болған. Содан бері 2 күн өтсе де, жедел жәрдемнен хабар ала алмаған әнші алыс жолдағылардың жағдайына алаңдайды.
Меруерт Түсіпбаева, әнші:
- 103 бір адам хабарласқан жоқ. Бір адам хабарласып, менен түсініктеме алған жоқ. Менің үндеуімді жауапсыз қалдырды.
Біз бұл мәселені республикалық жедел жәрдем қызметінің басшысынан сұрадық. Айтуынша, ешқандай арыз-шағым тіркелмеген. «Ал медициналық көлік жетіп-артылады», - дейді.
Тимур Мұратов, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша жалпы 50 мың адамға 1 реанимобиль болу керек. Бізде 10 мың адамға 1 реанимобиль. Санитарлық көлік. Дегенмен де шақыртудың мәдениеті біздің елде кішкене басқалау. Жалпы көп шақыртулар жедел жәрдемге сәйкес келмей тұрады да, сондықтан нағыз сондай жедел жәрдем қажет уақытқа түскен кезде біздің бригадалар басқа жұмыста болып қалуы мүмкін.
Жалпы өткен бір аптада ел бойынша 200 жуық адамның қол-аяғы үсіпті. Бұл жедел жәрдем қызметіне жүгінгендері ғана. Қарағанды облысында қыс басталғалы үсік шалған 23 адам ауруханаға түскен.
Ерік Шонбаев, облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:
- Ауруханаға қаралғандардың 3 мас күйінде келді. Өкінішке қарай олар көп уақыт жоғалтып алған. Салдарынан үсік шалған мүшелерін кесуге мәжбүр болдық.
Солтүстік Қазақстан облысында да сарышұнақ аяз басталғалы 12 адамды үсік шалған. «Сондай-ақ мұзға тайып жығылып, жарақат алғандар көбейді», - дейді дәрігерлер.
Соңғы екі аптада Петропавлда осындай 300 аса дерек тіркелген.
Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы