Ақтөбе облысында жолда қалғандар құтқарылды
Кешелі бері еліміздің көптеген аймағында күн райы күрт бұзылды. Біраз жерде дауыл мен боран тұрып, шатырлар мен аялдамалар ұшты. Қалааралық жолдар жабылып, қозғалыс қиындады. Ұшақтар да кешігіп жатыр. Ал Астана мен тағы бірнеше өңірде 0 мен 7-сынып оқушыларына дейін мектепке бармады. Мұндай ауа райы қашанға дейін созылады.
Қарашаның басы қарашаны біраз әбігерге салды. Бірнеше аймақта кешегі бораннан жолда қалғандар көп. Ақтөбе облысының Хромтау ауданында түнде қар құрсауында қалған 4 адам құтқарылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері олардың барлығы дін аман екенін айтады.
Қарағанды облысының Осакаров ауданында да 7 адам құтқарылды. Олардың 5-і - бала. Степное ауылына жетпей, боран салдарынан жүре алмай қалған көлікті құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізген. Түнде екпіні секундына 30 метрге дейін барған желдің салдарынан «Алматы-Екатеринбор» тасжолы жабылған еді. Ал қаланың кейбір көпқабатты үйлердің шатыры ұшты. Электр желілерінің үзілуінен кей аудандарда жарық сөнді.
Роллан Есмағанбетов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Өңірде 30 м/с қатты жел соғып, шатырлардың ұшу жағдайы орын алды. Барлығы 9 жағдай тіркелді. Кейбір елді мекендерде электр желілері үзілді. Ол аумақтарда қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеуде.
Ал Павлодар облысында дауылдан келген шығын есептеліп жатыр. Өңірде желдің жылдамдығы секундына 32 метрден асқан. Салдарынан ағаштар құлап, ғимараттардың шатыры ұшты. Таңертең қаладағы аулалардың бірінде қатты желдің екпінінен ағаш құлап, 67 жастағы әйелді басып қалған. Ол ауыр жарақаттан сол жерде көз жұмды. Желдің екпіні толастар емес. 109 бірыңғай байланыс желісіне шағымдар көптеп түсіп жатыр.
Қазбек Рымбеков, облыстық ТЖД жедел тобының маманы:
- Облыс бойынша шатырлардың төбе жабындылары бұзылуының 15 фактісі тіркелді. Аталмыш жағдайлар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Баянауыл мен Ақтоғай аудандарында орын алды. Сонымен қатар бірқатар ауданда Ақтоғай, Баянауыл, Май, Ертіс, Шарбақты, Успен, Аққулы аудандарында электр қуатын өшірілуінің 28 фактісі тіркелді.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында қолайсыз күн райынан 120 адам зардап шекті. Олардың көбі көктайғақтың салдарынан құлап, жарақат алғандар.
Астанада да өткен тәуліктің өзінде 140 адам ауруханаға жүгінген. Олардың 30-ы - бала. Әсіресе кеше кешкісін сабақтан қайтқан оқушыларды жел ұшырып әкете жаздады. Аялдамалар құлап, кей аудандарда жарықтың сөнгенін жұртшылық әлеуметтік желіде жазып жатыр. Жарық беруші компанияның мәліметінше, қазір жағдай қалыпқа келтіріліп жатыр. Боранның салдарынан Астанада әуе рейстері уақытылы ұшпай отыр. Бүгін елорда әуежайында бас-аяғы 12 ұшақ сағаттап кешіккен.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Ал синоптиктер қолайсыз күн райы алдағы күндері де сақталатынын айтады. Елдің басым бөлігінде күн жауын-шашынды болып, арты қарға ұласады, - дейді. Салдарынан көктайғақ болады. Одан қалды, екпінді жел мен тұман күтіледі. Ал бүгін түнде Қазақстанның солтүстігінде қалың қар жауады. Сондай-ақ солтүстік-батыста, шығыс пен орталықта желдің екпіні секундына 30 метр шамасында сақталады екен. Ал ауа температурасы кей жерлерде минус 10 градусқа дейін төмендейді.
Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов