Жемқорлық: Шымкентте жүзден астам қылмыс тіркелді
Биыл Шымкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өкілдері жүзден астам қылмыс тіркеген. Мамандар бюджет қаржатын талан-таражға салмақ болғандарға дер кезінде тосқауыл болып, қолға түсірді. Күдіктілердің алды сот шешімімен қамауға алынса, кейінгілері тергеп-тексеріліп жатыр.
Бекмұрат Төлебаев әрбір қылмыстық схеманы толық әшкерелеу үшін тынбай еңбек етеді. Мемлекеттік сатып алу шарттарын мұқият зерделеп, құжаттарды көтереді. Тапсырыс беруші мен мердігерді байланыстыратын ортақ мүдделерді іздейді. Осылайша тергеу саласындағы 12 жылдық тәжірибесінде қазынаның миллиардтаған қаржысын кері қайтаруға сеп болған.
Бекмұрат Төлебаев, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сотқа дейінгі тергеу басқармасының басшысы:
- Оны айыпты деп тану үшін сен оның саласының маманы болу керексің. Мысалы, құрылыс саласында болсын, жол көлік саласында болсын. Сондықтан да тергеушінің жұмысы – кішкене шапшаңдықты, табандылықты талап ететін жұмыс.
Жауапты қызметтің міндетін жақсы түсінген басқарма басшысы қарамағындағы тергеушілерге де жоғары талап қояды. Бірлескен үйлесімді жұмыстың арқасында биыл жүзден астам іс тіркеліп, тергеуге алынған.
Әлижан Әлиханов, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сотқа дейінгі тергеу басқармасының тергеушісі:
- Ол әрқашан обективтілік пен адалдыққа ұмтылатын басшы. Егжей-тегжейге назар аударады және істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті жағдайларды ескеруге тырысады.
Қазір қоғам жемқорлық әрекеттеріне бей-жай қарамайды. Мамандардың айтуынша, қарапайым халық тарапынан түскен арыз-шағымдар сыбайластықты болдырмауға көп көмегін тигізген.
Бекмұрат Төлебаев, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сотқа дейінгі тергеу басқармасының басшысы:
- Халық сыбайлас жемқорлық санатында жасалған қылмыстарға өте қатаң қарайды. Жылдан жылға бізге шағымдар мен арыздар жәй халықтан көбейді. Оның арқасында біз төзбеушіліктің байқалуын қарастырып отырмыз. Біз де соған сәйкес өзіміздің білімімізді арттыра білу керекпіз.
Сотқа дейінгі тергеу басқармасының өкілдері спорттан да құр алақан емес. Қоян-қолтық ұрыс тәсілдеріне машықтанып, қорғану әрекеттерін жақсы меңгерген. Олар күдіктілердің жақындары тарапынан түрлі қысым болғанын да жасырмайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов