Ақтөбе облысында жыл басынан бері 13 адам өрттен қаза тапты
Ақтөбе облысында жыл басынан бері 13 адам өрттен қаза тапты. Мамандар: «Көп жағдайда қарапайым қауіпсіздікті сақтамаудың арты қайғылы оқиғаға ұласады»,– дейді. Әсіресе тозығы жеткен ескі үйлердің электр желілерінен қатер көп. Сондықтан бүгін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары барак типті баспаналарды аралап, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндірді.
Өткен сенбі күні облыс орталығында бір мезетте 5 баспананы жалын шарпыған. Шаһардың «Горпитомник» шағын ауданындағы бұл барак үйлердің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Бір шатыр астындағы 5 отбасы далада қалды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 20 адамды апаттан аман алып қалды.
Әния Файзулина, қала тұрғыны:
-Менің төбем де кетіп жатыр екен. Балалар келіп шығарды. Екі кішкентай баланы ұйықтап жатқан жерінен көтеріп алып шықты. Шықсам мына жерде шифрлар атылып, барлығы сынып жатыр. Демде көтеріліп кеткен өрт деген.
Санаулы минут ішінде жалын 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Баспананың шатыры түгел өртеніп, ортасына түсті.
Евгений Овчарский, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Бұл оқиға электр тоғының қысқа тұйықталуынан болған. Жарық сымдары тиісті қысқышсыз жалғанған. Желіге жүк түскенде қызып, қысқа тұйықталудың салдарынан, өрт тұтанған.
Өңірде мұндай тозығы жеткен 32 баспана бар. Тұрғындары жаңа пәтер кезегіне тіркелгенімен, құрылыс қарқыны төмен. Сондықтан апатты үйлерді құтқарушылар жіті бақылауға алған.
Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Соңғы 3 жылда осы үйлерде оннан астам өрт тіркелді. Қосымша көптеген шығын келді. Адам шығыны болған жоқ. Енді осы адам шығынын алдын ала болдырмау мақсатында қазіргі таңда осында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Жыл басынан бері өңірде 469 өрт тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары олардың саны былтырмен салыстырғанда 4,7% көбейгенін айтады. 13 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Сондықтан құтқарушылар қауіпті үйлердің кіре берісіне ескертпелер іліп, пәтер иелеріне дабыл жүйесін таратты.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов