Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты басталды. Спорт жаңалықтары
Қазақстандық теннисші Зария Дияс Таиландта өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Жерлесіміз Мария Ткачевамен жұптасып, тайвандық қарсыластарынан айласын асырды. Енді қытайлық Шуо Фэн және грек қызы Сапфо Саккеларидимен жартылай финалдық жолдамаға таласады.
Алматыдағы Шымбұлақ шатқалында фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты басталды.
Бұл сынға әлемнің 13 елінен 110 спортшы келіпті. Үміткерлердің арасында жас та болса ересектермен терезесі тең өнер көрсетіп жүрген талантты қыз-жігіттер бар еді.
Шымбұлақ тау шаңғы базасы бұған дейін де талай байрақты бәсекелерді қабылдаған. Теңіз деңгейінен 2750 метр биіктікте орналасқан жарыс жолы әлемде ең биік трассалардың біріне баланады. Бүгін жарыстың алғашқы күні қыздар мен жігіттер могулда жүлделі орындарды сарапқа салды.
Жергілікті жанкүйерлер Анастасия Городконың жолына үмітпен көз тікті. Шымбұлақта әбден шыңдалған жерлесіміз бұған дейінгі дүниежүзілік жарыстарда чемпион атанып қана қоймай, могулдың өзге де түрлерінен жүлде алып жүрді. 16 жасында Олимпиада ойындарына қатысып, әлем мықтыларымен иық тірестірді. Осы жолы да чемпион атануды көздеген жерлесіміз іріктеу кезеңінде ірілік танытып, суперфиналға жолдама алған. Бірақ бұл жолы жапон қызы Юма Тагучиден айналып өте алмады. Дегенмен Тагучидің тағы бір отандасы Мисе Куреаны артқа тастап, күміс жүлдегер атанды.
Қалған қыз-жігіттеріміз жүлденің ауылына жақындай алмады. Енді Дінмұхаммед Раймқұл, Ардана Маханова, Раяна Маханова және Асан Асылхан секілді ұл-қыздарымыз фристайлдың акробатика түрінен ел намысын қорғайды. Әлем біріншілігі 11-ші қаңтарға дейін жалғасады.
Халықаралық шахмат федерациясы соңғы жарыстарды саралап, әлемдік рейтингті жаңартты.
Қыздар арасында бірнеше спортшымыз үздіктер қатарына ілікті. Ең жоғары көрсеткіш Бибісара Асаубаеваға тиесілі. Ол «блиц» бағыты бойынша 6-шы, рапидте 9-шы сатыға жайғасты.
Жасөспірімдер арасында Меруерт Қамалиденованың көрсеткіштері жоғарылады. Ол «блицте» алдыңғы үштікті түйіндеп тұр. Рапид бойынша 4-ші орында. Бұған қоса, үздіктер қатарынан Алуа Нұрман, Әмина Қайырбекова, Зарина Нұрғалиева, Ксения Балабаева және Елназ Калиахмет сияқты қазақстандық спортшыларды кезедстіруге болады. Ұлдар арасында 17 жастағы теннисші Әмір Омарханов әлемдік рейтингте үздік бестіктің қатарына қосылды.
Жандос Айтбай