Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті

  • 4
  • 25.09.2026, 19:20

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан мен Қытайдың инвестициялық форумы өтті. Жиынға екі елден 600-ге жуық өкіл қатысып, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар бірқатар құжатқа қол қойды.

Бір минут үнсіздік. Естуге ауыр, қабылдауға қиын. Каспийде қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым. Форум бір минут үнсіздіктен басталды.

Бұл жиынға қазақ-қытай тарапы көптен дайындалған. Қытай тарапынан 200-ден астам компания қатысып жатыр. Олардың ішінде Қазақстанда кәсібін игеріп жүрген кәнігі инвесторлар да, елге келуге енді жоспарлап жүргендері де бар. Қазақ-қытай арасында бұған дейін де ортақ жоба аз емес еді, енді еселеп көбеймек. Меже белгілі – ол Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да  тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

Президент екі елдің табысты серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарды атады. Әуелгісі, әрине көлік-логистика саласы. Құрлықта теміржол мен автомобиль қуатын арттыру, теңізде порттарды кеңейту, әуеде жүк тасымалы авиациясын арттыру. Жақында Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы ашылады. 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл президенттің  өз болжамы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа бағдар Шығыс – Батыс жолының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу уақытта Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығын «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында бірлесе енгізілген цифрлық технологиялар қамтамасыз етеді. Қытайлық Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестік аясында жүргізушісіз көлік технологияларын және цифрлық шешімдерді қолданатын логистика дәлізі түзіледі. Бұл – біздің еліміз үшін бірегей жоба.

Өнеркәсіп, тау-кен саласы, цифрландыру. Қазақ-қытай серіктестігі сан саланы қамтиды. Солардың бірі – жүгеріні терең өңдейтін зауыт. Бүгін оны президент бейнебайланыс режимінде іске қосып берді. Зауыт Жамбыл облысында орналасқан. Жобаны әлемдегі биологиялық ашыту саласы көшбасшыларының бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясы іске асырады. Кәсіпорын жылына 3 миллион тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы. Толық қуатына шыққанда 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жобаның алғашқы кезеңінде 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ.

Ли Сюэчун, Fufeng Group компания тобының президенті:

- Қазақстанның жүгері өнімділігі әзірге миллион тонна ғана. Ал бізге жылына он миллион тонналық шикізат керек. Мұны Қазақстандық егіншілермен қамтамасыз етуге көп уақыт керек. Сол үшін біз өзіміз инвестицияны салып, өз күшімізбен Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімін арттырамыз. Fufeng Group өнімі әлемнің барлық жеріне экспортталады. Қазақстандағы терең өңдеу жобамыз арқылы халықаралық нарыққа тезірек шығарып, экспорттан келетін пайданы үш миллиардқа жеткізу жоспарда. Осылайша, Қазақстанда ең ірі, өте көлемді биоферментация өнеркәсібін құру тез жүзеге асады деп ойлаймыз.

Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сюэчунды жеке қабылдап, ауқымды инвестициялық жобаны іске қосуымен құттықтады. Президент бүгін Sunwah Group корпорациясының төрағасы Цай Гуаньшэньмен де жеке кездесті. «Қытай бизнесі Қазақстанның инвестициялық келешегіне толық сенім артады және жаңа бағыттарда жұмыс істеуге ниетті», деп мәлімдеді кездесу барысында Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасының төрағасы.

Цай Гуаньшэнь, Sunwah Group корпорациясының төрағасы:

- Біз екі бағыт бойынша жұмыс істей аламыз. Біріншісі – екінші әуе көлігі торабын құру мақсатында әуежай салу; менің Астанамен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюымның басты себебі де осы – бұл өте маңызды мәселе. Екіншісі – энергетика саласына қатысты мәселелер. Біз Қытайдан сіздердің тұтынушыларыңызға «жасыл» энергияны жеткізу нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Мен бұл мәселені Президентпен талқыладым: егер сіздер Шыңжаңнан келетін «жасыл» энергияны еш кедергісіз пайдалана алсаңыздар, бүкіл өнеркәсіптік жүйелеріңізді дереу жаңғыртуға мүмкіндік аласыз.

Бүгінгі форум аясында қазақ-қытай тарабы тағы он құжатқа қол қойды. Олардың ішінде Абай облысында электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен қосалқы жел электр станциясын салу, Семей қаласында ағаш жаңқалы тақтай өндіретін зауыт салу туралы келісімдер бар. Бұдан бөлек, Түркістан облысында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салынбақ. Сондай-ақ, қытайлық кәсіпкерлердің көмегімен Алматыда  халықаралық брендке тиесілі қонақ үй мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен бой көтеретін болды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Ең алдымен, бұл - дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы және жаңа, инновациялық емдеу тәсілдерінің енгізілуі. Дәрілерді Қазақстанда өзіміз өндіре бастаған соң, олардың бағасы қазір шетелден сатып алып отырған емге қарағанда бірнеше есе арзан болады. Бұл мемлекетке де экономикалық тұрғыдан тиімді. Ең бастысы – Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндет. Ол – дәрі-дәрмек өндірісіндегі тәуелсіздікті қамтамасыз ету.

Қытаймен әр саладағы байланысты бекемдей түсу. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең маңызды мақсаттардың бірі, деді бүгін Тоқаев.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар:人心齐,泰山移, яғни: «Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз». Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін.

Бүгін алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы енді тұрақты алаңға айналмақ. Осылайша қазақ-қытай кәсіпкерлері жыл сайын қыркүйек айында Көктөбеде кездеспек.

Авторлар: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков.