Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Әуе билеттерінің бағасы бақыланады

  • 3
  • 25.11.2026, 18:35

Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағында әуе қатынасы – өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды көлік түрі. Алайда ұшақпен қатынау құны көпшілік үшін әлі де өзекті мәселе. Бір жылда ішкі бағыттардағы әуе билеттері 22,8 пайызға, халықаралық рейстерде шамамен 36 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсуі нарықтағы тариф қалыптастыру тетіктеріне назар аудартты. Енді ішкі рейстердегі билет құнына тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылып отыр. Бұл шара әуе тасымалы нарығындағы баға саясатына қаншалықты ықпал ете алады?

Жұлдыз Аймаш, тілші:

– Әуежайдағы таблоға қарасаңыз, түрлі бағыттағы рейстерді көруге болады. Алайда жолаушылар үшін сапарды жоспарлаудағы маңызды өлшемнің бірі – билет құны. Бір бағыттағы ұшақ билеттері де әртүрлі бағамен сатылуы мүмкін. Бұл әуе компаниялары қолданатын динамикалық баға белгілеу жүйесіне байланысты. Ал тарифтердің қалай қалыптасатыны жолаушыларға әрдайым түсінікті бола бермейді.

Ұшты, ұшты... Ұшақ қана емес, баға да ұшты. Әуе сапарының қалтаға салмағы жолаушылар арасында қызу талқыға түскен тақырып. Бірі: «жолақы тым қымбат» десе, енді бірі: «қалтаға қонымды», - деп отыр. Дегенмен аяқастынан жолға шығуға мәжбүр болғандардың жағдайы бөлек. 

Сауалнама:

- Төтенше жағдайлар болып қалған кезде осындай қымбат бағаға алуға тура келеді.

- Өте қымбат. Мысалы, Ақтөбе – Астана бағытын алайық. SCAT пен Qazaq Air әуе компанияларының бағасын қарасаңыз, Qazaq Air-дің өзі шағын ұшақпен тасымалдаса да, билет құны багажды қосқанда 53 мың теңгеге жетеді. Оның өзінде билетті бір ай бұрын сатып алсаңыз ғана.

- Қазақстандағы ішкі әуе рейстерінің бағасы өте жоғары. Егер билет құны арзанырақ болса, халыққа ұшақпен қатынау әлдеқайда қолайлы болар еді деп ойлаймын.

Жолаушылардың бәрі бірдей билет бағасын қымбат деп санамайды. Кейбірі ішкі рейстердегі тарифтерді қолжетімді деп бағалайды.

Сауалнама:

– Айырмашылық қатты байқалмайды. Алаңдық туындатпайды, былайша айтқанда. Мен жиі ұшақпен ұшамын. Біздің ішкі рейстің бағасы қолжетімді деп ойлаймын.

Қазақстанда ішкі әуе рейстерінің тарифін мемлекет тікелей белгілемейді. Билет құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Ал жаңа әуе кемелерінің жеткізіліміне қатысты қиындықтар отандық тасымалдаушылардың мүмкіндігін шектеп отыр. 

Абыл Кекілбаев, авиациялық сарапшы:

– Бүгінгі кездегі ең үлкен мәселе – авиаотынның бағасы. Екінші – ол ұшақтардың жетіспеушілігі. Біздің Қазақстанды толық қамтамасыз ету үшін 100-ден астам ұшақ керек. 

Елімізде әуе қатынасына сұраныс артып келеді. Мұны елорданың әуе айлағындағы жолаушылар ағынының өсуінен де байқауға болады. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 9,2 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал 2026 жылдың шілдесінде әуежай тарихында алғаш рет бір ай ішінде жолаушылар саны 1 миллионнан асты.

Әлемдік тәжірибеде ішкі әуе нарығын дамытудың түрлі үлгісі бар. АҚШ, Еуропа елдері мен Түркияда дәстүрлі әуе компанияларымен қатар лоукостерлер де жұмыс істейді. Қызмет көрсету үлгісі мен тарифтерінің әртүрлі болуы жолаушыларға таңдау мүмкіндігін береді. Ал Қазақстандағы нарық жағдайы өзгеше. 

Абыл Кекілбаев, авиациялық сарапшы:

– Миланды мысалға алсақ, онда екі әуежай бар. Оның бірі лоукостерлерге, екіншісі дәстүрлі әуе компанияларына қызмет көрсетуге бейімделген. Сондықтан олардың тарифтері де әртүрлі. Бұл тұрғыда Миланмен Қазақстанды тікелей салыстыру дұрыс емес. Екінші мәселе – иә, біздің нарықта бәсекелестік жеткіліксіз.

13 қарашада Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында ішкі рейстер тарифтеріне тұрақты мониторинг жүргізу ұсынылды. Бұл жұмысқа бірнеше мемлекеттік орган тартылмақ. 

Марлен Смаилов, Қоғамдық кеңес өкілі:

– Егер әуе билетін екі ай бұрын сатып алсаңыз, мысалы, Қарағанды – Алматы бағыты бойынша оның құны шамамен 25-30 мың теңге болуы мүмкін. Ал билетті ұшуға бір-екі күн қалғанда немесе ұшар күні сатып алсаңыз, бағасы 2,5 есеге дейін өсіп кетеді. Қазір бұл мәселені реттеу үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. 

Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұған дейін әуе билетін рәсімдеу кезіндегі қосымша төлемдерге қатысты шағымды тексеріп, транзакциялық комиссияны төмендетуге және кейбір қызметтерді жолаушының өз таңдауына беруге ықпал еткен. Сонымен қатар нарықта үстем жағдайға ие әуе компанияларының баға белгілеу әрекеттерін де тексеруге құқылы.

Нұржан Сәдірбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:

– Азаматтардан міндетті түрде өтініш түсуі керек. Біз өз бетімізше әуе компаниясына баса-көктеп барып, тексеру жүргізе алмаймыз. Қазіргі таңда E-Otinish жүйесі бар. Азаматтар осы жүйе арқылы агенттікке өтініш жолдаса, біз оны қарастырып, тексеру жүргізуге міндеттіміз. Тексеру нәтижесін де қоғамға толыққанды жеткізуге тырысамыз.

Жалпы әуе компаниялары билет құнын қалыптастыруда халықаралық тәжірибеге сүйенеді екен. Динамикалық баға белгілеу жүйесі бойынша тарифтер сұраныс пен бос орын санына қарай өзгеріп отырады.

Әуе билеттерінің бағасына қатысты мәселе тек тарифтің қымбат немесе арзан болуында емес. Жолаушы үшін бағаның қалай қалыптасатыны, тарифтердің қандай қағидаттар негізінде белгіленетіні де маңызды. Ұсынылған мониторинг осы процестің ашықтығын арттыруға бағытталған. Алайда оның азаматтарға қаншалықты пайда әкелетінін нақты нәтижелер көрсетеді.