Дауыс беру күні - 29 қарашада қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізімінде 1 миллион 355 мыңнан аса азамат бар. Бір мандаттық округтер бойынша 63 кандидат тіркелсе, төрт саяси партия да тізімдерін ұсынды. Қазір сайлау комиссияларының мүшелері оқытылып, тұрғындар ақпараттандырылып, учаскелер дауыс беруге әзірленіп жатыр. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға инватакси мен сурдоаудармашылар көмектеседі. Тұрғындар өз сайлау учаскесін және тізімдегі деректерін арнайы онлайн-қызмет, Telegram-бот не 109 нөмірі арқылы тексере алады.
Айгүл Қалықова, Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
– Партиялық тізімдеріне барлығы 109 кандидат енген. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларына заңнамада белгіленген мерзімде, яғни дауыс беру күніне дейін үш күннен ерте емес және бір күннен кешіктірілмей тапсырылатын болады.
Еліміз бойынша мәслихаттағы бір орынға орта есеппен үш-төрт үміткерден келеді. Яғни алдағы сайлауда бәсеке жоғары болады. Астанада өткен TALQYLAU диалог алаңында сарапшылар алдағы сайлаудың ерекшелігіне тоқталды. Біріншіден, соңғы жылдары елімізде үш жаңа облыс құрылып, біраз аудан мен бірнеше қала пайда болды. Соған сәйкес, бірқатар елді мекеннің әкімшілік мәртебесі өзгерді. Екіншіден, мәслихат депутаттары аймақтың ерекшелігін ескеріп, халықтың талап-тілегіне сай тиімді жұмыс қалыптастыруы тиіс. Сонымен 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына барлығы 3 447 мандат, яғни орын бөлінген. Оның 668-і облыстық, 626-сы қалалық, ал 2 153-і аудандық мәслихаттарға тиесілі. Жалпы үміткерлер саны 11 мыңға жуық.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
– Жергілікті мәслихат – нағыз жергілікті саясаткер. Өйткені ол халықтың арасында жүретін адам. Дұрыс сұрақтарды көтеру керек, соның бәрін жеткізу керек. Берген уәделерін ұстану керек. Соның бәрін жасап жүрсе, мүлдем басқа саясаткер болады.