Оңтүстік Кореяда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге озық ғарыш саласында мансап құруға нақты мүмкіндік туып отыр.
Елдегі ең ірі жекеменшік ғарыш компанияларының бірі – Contec біздің жастарды тағылымдамаға қабылдауға, жұмысқа орналасуға көмектесуге, тіпті болашақта елде ашылатын филиалынан жұмыс ұсынуға дайын. Кореядағы жастарымызға нақты қандай мүмкіндіктер ашылып жатыр?
Владислав Цой, тілші:
– Оңтүстік Кореяда шетелдіктерге өз мамандығы бойынша жұмыс табу оңай емес, алайда қазір қазақстандықтар үшін бірегей мүмкіндіктер кезеңі басталды. Оңтүстік Кореяның ең ірі ғарыш компаниясы – Contec біздің студенттерді тағылымдамадан өтуге шақырып, түлектерге ресми түрде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге әзір. Бұл тек шетелдегі жұмыспен шектелмейді. Келесі жылдың үшінші тоқсанында компания Қазақстанда өз филиалын ашуды жоспарлап отыр. Демек Кореяда тәжірибе жинақтаған жастар елге оралып, мансабын отандық кеңседе жалғастыра алады.
Қазір Contec компаниясының Корея мен АҚШ-тағы штатында 360-қа жуық адам еңбек етеді және ұжым жыл сайын кеңейіп келеді. Ол «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен спутниктер жасау, жерүсті инфрақұрылымын дамыту және Жерді қашықтықтан зондтау деректерін өңдеу бағытында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бос жұмыс орындары туралы айтып, студенттерге қандай қолдау қажет екенін білу үшін компания басшысы – әрі өткен айдан бері Қазақстанның Тэджондағы құрметті консулы Ли Сон Хи белсенді студенттермен кездесті. Ол үміткерлерге қойылатын негізгі талаптарды атап өтті.
Ли Сон Хи, Contec корей Ғарыш компаниясының бас директоры, ҚР Құрметті консулы:
– Біз қазақстандық студенттерді өзімізге тағылымдамаға шақыруға, ал Кореяда қалып жұмыс істегісі келетіндерге жұмысқа орналасуға көмектесуге дайынбыз. Біз үшін дипломдағы орташа балл емес, базалық дағдылар, ойлау қабілеті және ағылшын тілін еркін меңгеру маңызды. Сонымен қатар келесі жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда филиал ашуды жоспарлап отырмыз. Кореяда тәжірибе жинақтаған жастар туған еліне оралып, жұмысын жергілікті кеңседе жалғастыра алады.
Бүгінде Оңтүстік Кореяда 2500-ге жуық қазақстандық білім алуда, олардың бірнеше жүзі дәл осы Тэджон қаласында оқиды. Мұнда елдің жетекші технологиялық жоғары оқу орындары орналасқан: Кореяның озық ғылым және технологиялар институты (KAIST) және жақында Түркістанда филиалы ашылған Вусонг университеті. Студенттер үшін басты жаңалық – ғарыш индустриясына тек инженерлер мен физиктер ғана емес, сонымен қатар менеджмент, қаржы, маркетинг және деректерді талдау саласының мамандары да аса қажет екендігі болды. Бұл біздің жастар арасындағы әлеуетті үміткерлердің қатарын едәуір кеңейтеді.
Раушан Капезова, WOOSONG университеті жанындағы SOLBRIDGE бизнес мектебінің студенті:
– Қазіргі уақытта мен осы университетті Кореяда бітіріп, мол тәжірибе жинақтауды және болашақта түрлі жұмыс салаларында өзімді сынап көруді мақсат етіп отырмын. Өзімді жан-жақты дамытып, корей тілін үйреніп жүрмін. Болашақта осы бағытта жұмыс істегім келеді.
Жұмысқа орналастыру мәселелерінен бөлек, компания басшылығы мен құрметті консулдық жастардың бастамаларын алдағы уақытта да қолдап, қазақстандық студенттердің Кореядағы тұрмыстық және оқуға қатысты мәселелерін шешуге көмектесуге ниетті.