Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Соңғы жеті жылда білім гранты 3 есе көбейтілді

  • 0
  • 24.11.2026, 18:19

Ғылымға қаржы құйылды. Қолдау көбейді. Соңғы 7 жылда елімізде ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын шамамен 3,5 есе өсіп, 261,5 миллиард теңгеге жетті. Осы аралықта жоғары білімге 655 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Қаражат қомақты, мүмкіндік мол.

Отандық ғылыммен қатар білім беру саласына да мемлекеттің қолдауы орасан зор. Әр саланы білікті кадрмен қамту – уақыт талабы әрі аса өзекті міндет.

Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек.

Осы тұста жоғары білім беру жүйесінің дамуы Егемендіктің 35 жылында қалай өзгерді? Қандай мамандықтар бойынша білім гранты ұлғайтылды? 

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды жетістіктің бірі жоғары білім беру жүйесінің дамуы десек болады. Бұл сала 35 жылда заман талабына сай түбегейлі жаңартылды.

1999 жылы мемлекеттік білім беру гранты енгізілсе, 2004 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі іске қосылды. Ең маңыздысы – әр салаға қажетті маман даярлау үшін мемлекеттік білім грантының берілуі.

Наужан Дидарбекова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

– Егер соңғы жеті жылды алатын болсақ, 655 мыңнан астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Бұл соңғы жеті жылда грант санының үш есеге артқанын көрсетеді. Қаржылық жағынан алатын болсақ, бұл 1,5 триллион теңгеден астам қаражатты құрайды.

Дина Жұма ҰБТ-дан 119 балл жинап, білім грантын иеленген. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология факультетінің соңғы курсында оқып жүр.

Дина Жұма, студент:

– Менің жағдайымда көпбалалы отбасының тұңғыш үйдің тұңғыш қызы болғаннан кейін ол өте керемет мүмкіндік. Шәкіртақымыз бар, жатақханамыз бар.

Жұман Шәріпхан, қала тұрғыны:

– Баламыз грантпен оқығаны бізге өте жеңілдік болды. Енді бір баламыз 11 оқып жатыр. Қазір дайындалып жатыр. Сол баламыз да грантқа түссе деген үмітіміз бар.

Жастардың келешегін айқындауда ендігі маңызды мәселенің бірі – мамандық таңдау және қандай кадрларға сұраныстың көп екендігін алдын ала саралау. Мемлекеттік білім грантының басым бөлігі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бағытталады. 60 проценті техникалық, ақпараттық технологияға, қалғаны педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы салаларына беріледі.

Биыл 90 мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның 75 мыңнан астамы бакалавриат, яғни жоғары білім алуға қарастырылды.

Айта кетейік, соңғы 7 жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге артып, 261,5 млрд теңгеге жетті. Білім грантының саны 655 680, ал шәкіртақы 2,5 есеге көбейді.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айта кетейін. Олардың сапалы білім алуымен қатар, елге қажетті білікті маман болып шығуы үшін қажетті жағдайлар жасалып жатыр.