Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Құрылтай депутаттары спайкингке қарсы жүйелі күрес жұмыстарын бастады.
Спайкинг қарапайым тілмен айтқанда, тағамдар мен сусындарға қауіпті не психоактивті заттарды қасақана қосу дегенді білдіреді. Мұндай жағдай әсіресе жастар арасында жиі ұшырасатындықтан билік өкілдері дабыл қағып отыр.
Кеңес мүшелері депутаттармен бірлесіп, нақты әрі құқықтық тұрғыдан негізделген кешенді шараларды әзірлеуге көшті.
Мәди Мырзағараев, Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы:
– Бұл мәселенің көтеріліп отыруы тегін емес. Себебі бұл күннен күнге өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Бәріміз де ұл, қыз асырап отырған ата-аналармыз. Қыздарымыздың, ұлдарымыздың болашағына алаңдаймыз. Сондықтан олардың болашақ өміріне, денсаулығына келетін қауіп-қатерлерді азайту, олардың жолын бөгеу, болдырмау мәселелері біздің ата-аналық борышымыз, парызымыз. Сондықтан да осы мәселенің Қазақстан Халық Кеңесінің қабырғасында талқылануы заңдылық деп есептеймін.