Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Бюджет шығыны ₸215 млрд ұлғаймақ: қаражат қайда жұмсалады?

  • 1
  • 23.11.2026, 18:29

Сонымен не өзгерді? Қаржы қайда жұмсалады? Ең бастысы, халыққа берері не?

Бюджет шығыны тағы 215 миллиард теңгеге ұлғаймақ екен. Бұл қазына тапшылығын арттырмай ма?

Берік Дүйсенбай, тілші:

– Ең бастысы, қосымша қаражаттың қайда және қалай жұмсалатыны ғой. Бұйырса ел игілігіне жұмсалатын «браво» деуге тұрарлық бюджет болуға тиіс. Бюджетке қандай түзетулер енгізілді деген сұрақтан бұрын әсілінде қаржылық құжат әуелде қалай жоспарланып еді деген мәселеге келейік. Кестеден нені байқаймыз? Келер жылы бюджеттің шығыс бөлігі 30 трлн-нан асатынын көреміз. Яғни шығын көп, тапшылық 10 трлн теңгеден асады. Сосын 28-29 жылдары кіріс бөлігінің ұлғая түседі. Тиісінше тапшылық кемиді. Әлбетте келесі жылы кірістер трансферттерді қоса алғанда 25,4 трлн теңге болады. Соның өзінде 4,6 трл теңге тапшылық күтіледі. Бұл, әрине, қара аспанды төндіретіндей жағдай емес. Сандар эмоциядан көрі салқынқанды есепке құрылады. Яғни келесі жылға жоспарланған бюджеттің шығындары тағы артады. Өткен аптада Құрылтай депутаттары Республикалық бюджет туралы заңды үшінші оқылымда мақұлдады.

Халық қалаулылары қазына шығындарының артатынына қалайша келісе қалды деген қарапайым сұрақ туындайды. Бірақ мәселе сол шығындар қарапайым азаматтарды қолдауға бағытталса не қолдамасқа деген мәселе ғой. Оған президенттің биылғы жолдауда көтерген бастамалары себеп болып отыр. Яғни енді ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге ұлғайтылады. Сонымен бірге медициналық санитарлық алғашқы көмек қызметіндегі мамандардың жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруге және орта білім саласына ЖИ технологиясын енгізуге жиыны 114,1 млрд тг бөлінетін болып отыр. Әсіресе жедел жәрдем қызметкерлері жалақысының артуына қарсы болуға ешкімнің қақысы жоқ. Себебі салада айлықтың аз болуы себепті кадрлық тұрақсыздық бар екені құпия емес. 

Айбар Олжай, экономист, қаржы сарапшысы:

-Қазір шынында да жағдай жақсарады деп ойлаймын. Кемінде 20 пайызға үстінен ақша қосылса, еңбек өтілі жоғарылаған сайын 40 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жедел жәрдем қызметкерлерінің айлығын көтеру ғана емес, бұл бүкіл Қазақстандықтардың өмірін сақтауға деген белгілі бір үлкен инвестиция сияқты.

Ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеру азық-түлік бағасы мен қызметтер құнының қымбаттауына алып келмей ме деген әдеттегі сұрақ туындайды. Себебі жалақы, зейнетақы т.б төлемдер сомасы сәл өссе, баға келіп жағадан алатынын жақсы білеміз. Бірақ сарапшы пайымынша бұл жолы емес. Шығындардың жалпы сомасы 215 млрд теңгеден асқанымен, экономикалық масштабта инфляцияға итермелейтін ауқымды ақша емес. Қосымша 101,5 млрд теңге Президенттің нақты тапсырмасы аясында Сәтпаев каналыннан Астанаға су құбырын тартуға, Балқаш АЭС-ы бойынша геологиялық барлау жұмыстарына бағытталады. «135 млрд-тан астам қаражат бюджеттің тиімді әрі сапалы орындалуына жұмсалса, 47 млрд теңгені аймақтардағы инфрақұрылымдық жобаларға», – деп Құрылтай депутаттары сұрап алды. Бұл халықпен кездесулер кезінде көтерілген елді-мекендерді жылу, су, газбен қамту, білім беру және медициналық нысандарды жөндеу, сондай-ақ өзен жағалауларын бекіту, т.с.с түйткілдерді шешуге жұмсалмақ. Жалпы алғанда 2027 жылы бюджет шығыстарының 35%-ы немесе 10,5 трлн теңге халықты қолдауға, 4 трлнға жуық теңге экономиканың нақты секторына бағытталмақ. Ілгерідегі кестеде атап өткеніміздей бюджет тапшылығы өседі. Бұл мемлекеттің шығына артады деген сөз. Ал оның қандай тәуекелі болуы мүмкін, немесе оны еңсеру тетіктері алдын-ала ойластырылған ба деген сұраққа келеміз.

Айбар Олжай, экономист, қаржы сарапшысы: 

– Шығындардан асырып, профициттік бюджет жасасақ, біз өзіміздің орта табыс тұзағынан құтыламыз деген арманымызды жүзеге асыра алмай қаламыз. 3 жарым пайыздық экономикалық өсімнен аса алмай қаламыз. Бюджеттік дефицитті осы күйінде қалдырсақ, онда біздің ІЖӨ кішкене жақсырақ өседі. Сол кезде дефициттік ІЖӨ-гі үлесі азая береді.

Басқаша айтқанда, біздегі ЖІӨ өсімінің негізгі қозғаушы күші тұтыну экономикасы, ал ол мемлекеттік шығындарға байланысты. Яғни экономиканың нақты секторына қаражат көбірек бөлінсе, тапсырыс, тұрақты жұмыс, сауда мен логистикалық тізбектері ұдайы өседі. Сарапшылар «Халықтық құрылыс» бағдарламасы да осындай стратегиялық қадам екенін айтуда. Яғни осы қарқынды жүретін болса, экономика 6-7 пайызға дейін өсім беруі тиіс.