Күн суытып, қара жолға қар мен мұз түсті. Ең үлкен қауіп көктайғақ қана емес, өз мүмкіндігін асыра бағалаған жүргізуші. «Асыққан – шайтанның ісі», – деп бекер айтпаған.
Былтыр елімізде 2 330 адам жол апатынан қаза болған. Ал республикалық трассалардағы апаттың негізгі себептерінің 35 пайызы жылдамдықты асырудан. Демек, кейде санаулы минутты үнемдеймін деп, тұтас ғұмырды қатерге тігеміз.
Сондықтан жолдағы бақылау күшейтілді. Жуырда тағы 3 тасжолдың 6 бөлігінде орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе іске қосылды. Енді тежегішті камераның алдында ғана басып құтылу қиын. Жылдамдық бүкіл жол бойындағы жүріс уақытымен есептеледі.
Әрине, камера тәртіпті қадағалайды. Бірақ адам өмірін тек осындай ақылды технологиялармен қорғау мүмкін емес. Өйткені жолдағы шынайы мәдениет – ешкім бақыламаса да, ережені сақтай білу. Ал сапардың ең басты нәтижесі – қанша уақытта жеткенің емес, үйіңе аман оралғаның.
Осы жолдағы қауіпсіздік мәселелерін біз сәлден соң студиямызда Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ерлан Асқаровпен талқылайтын боламыз.
ЖОЛДАҒЫ ЖҮГЕНСІЗДІК
Бұл оқиғаға құқықтық баға беру біздің құзыретімізде емес. Дегенмен дәрігерлер кейіпкеріміздің жарақатына қарап, үлкен жылдамдықпен келе жатып, апатқа ұшыраған көліктің салдары екенін айтып отыр.
Нағмет Мұрсалов, Н. Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының бөлім меңгерушісі:
- Қабырғасы, жауырыны, жамбасы, омыртқалары сынған. Көп жарақат, әрқайсысына жеке операция жасалады. Жамбасына операция жасау үшін санавиация арқылы бізге келді.
Жансерік Жұматаев, емделуші:
- Негізі артында отырғанмын. Соққы болды, сол себепті терезеден ұшып кеттім. Бір жігіт қайтыс болып кетіпті. 14-15 күн реанимацияда жаттым. Сосын есімді жидым ғой. Бір ай болды.
Ауруханада мұндай талай тағдырды көрдік. Бір қызығы, арасында көлік тізгіндегендер жоқ. Көбі – жолаушы.
- Сосын жүргізушінің миында рефлекс тұрады. Авария болған кезде өз жағын алып қашады да, өзі аман қалады. Отырған жолаушылар жарақат алады содан.
Иә, кімге болса да жан тәтті. Алайда сол жанның қадірін ұмыттыратын әуестік бар. Ол – жылдамдыққа құмарлық.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Ондайлар бізде айтарлықтай көп. Мәселен, 2025 жылы 29 мың жол-көлік апаты тіркелсе, соның 3 мыңнан астамы жылдамдықты асыру дерегі. Биылғы статистика одан да жоғары. Жүгенсіздік салдарынан 3 372 апатты жағдай болған.
Бұл – біздің жолдарда болып жатқан жағдай. Апаттардың алдын алу, санын азайту үшін мемлекет жол қозғалысын бақылаудың жаңа тетіктерін енгізуді қолға алды. Орташа жылдамдық. Ол қалай есептеледі? Мәселен, екі камераның арасы 50 шақырым делік. Жүргізуші рұқсат етілген жылдамдықпен оны 21 минутта жүріп өтуі керек. Егер 15 минутта келсе, талап сақталған жоқ.
ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖАҢАША БАҚЫЛАНАДЫ
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Мәселен, республикалық жолда 140 болса, бүкіл жолды сол 140-пен жүріп өтуі керек. Одан асырса, рәсімделеді.
Абзал Ілияс, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ баспасөз қызметінің маманы:
- Учаскелерде тек камераның алдында жылдамдықты бәсеңдету жеткіліксіз. Себебі барлық учаскеде жылдамдықты сақтап отыру міндетті. А нүктесінен В нүктесіне дейінгі уақыт есептеледі.
Ал жолдардағы сағатына 110, кей учаскелердегі 140 шақырымдық шектеу қалай белгіленген? Бұл көрсеткіштер жолдың ені мен жабындысының сапасына, сондай-ақ ауа райының құбылмалы ерекшеліктеріне қарай бекітіледі.
Дамир Әшімов, көлік жүргізу жөніндегі тәлімгер:
- Неге 140? Адам өзі машинаны басқара алады. Оны өзінің бағдарында ұстап тұра алады.
Бұл орташа жылдамдық жүйесі Қазақстанда 2024 жылдың 4 желтоқсанында сынақ режимінде іске қосылды. 2025 жылы ресми қолданыла бастады. Қазір осындай 18 автожол учаскесі істеп тұр. Бұдан бөлек, Көлік министрлігі 2026 жылдың соңына дейін тағы 10 жол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізуді жоспарлауда. Осылайша олардың саны 28-ге жетеді. Жүйенің ауқымын кеңейту бір мәселе болса, оның әділ әрі дәл жұмыс істеуі – екінші мәселе.
- Орташа жылдамдықты тіркейтін құрылғылар жыл сайын метрологиялық тексерістен өтеді. Бұл олардың дұрыс жұмыс істеуін, жылдамдықты дәл өлшеуін қамтамасыз етеді.
Орташа жылдамдық жүйесін енгізудегі негізгі мақсат – айыппұл жинау емес, адам өмірін сақтау.
- Көлік жылдамдығын асыру, біріншіден, бізде асығыстықтан болады. Екіншіден, энергетиктің әсерінен сезінбей қалады да, өзін асықтырады. Үшіншіден, машиналардың көбі қазір турбиналық болып шыққандықтан, көбісі содан арттыруы мүмкін.
Әркімнің өз себебі бар. Бір анығы, жылдамдықты асырғаны үшін 21 мыңнан 173 мың теңгеге дейін айыппұл көзделген. Орташа жылдамдық үшін де осы аралық негізге алынады.
Көліктердің орташа жылдамдығын бақылауға мүмкіндік беретін технологиялар әлемде 1990 жылдары пайда болды. Нәтижесінде Норвегияда жол-көлік оқиғалары 20%, ал АҚШ-та 22%-ға азайған. Қазақстандағы ахуал қандай?
- Орташа жылдамдық енгізілген учаскелерде жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың саны 10 пайызға төмендеген. Бұл жұмыс қазір кеңейтіліп, жалғастырылуда. Жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың 60 пайызы қала сыртындағы жолдардың үлесіне келеді.
Біз болған ауруханадағы емделушілердің шамамен 30 пайызы көлік апатынан зардап шеккендер. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады.
– Түйін. Қазір еліміздегі үлкен жолдарда 100, 110, бірқатарында 140 деген белгі тұр. Мамандар сол көрсеткіштерді әрқашан бағдар ретінде ұстану қажет дейді. Бұл сандар – рұқсат етілген жылдамдық шегі. Себебі межелі жерге бірнеше минут ерте жету адам өмірінен маңызды емес.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бауыржан Ебелеков, Азамат Сәметов, Болатбек Табалдиев