Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Браконьерлермен күрес күшейді

  • 0
  • 20.11.2026, 18:17

Алматы облысында жыл басынан бері табиғатқа зиян келтірген 1 жарым мыңнан аса заңбұзушылық тіркелді. Олардың арасында рұқсатсыз балық аулап, аңшылыққа шығып, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге қиянат жасағандар бар. Мамандар мұндай заңсыздықтардың жиілеп кеткенін алға тартып отыр. Осы орайда браконьерлердің жолын кесу үшін бірнеше жауапты орган бірлесіп әуе рейдіне шықты.

Таң сәріден мамандарға еріп тікұшаққа міндік. Ілені бойлай Балқашқа дейін жеттік. Мақсат біреу – өзен-көлдің жағалауын әуеден шолып, заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қою. Жыл басынан бері Алматы облысында 500-ге жуық балық аулау қағидаларын бұзу дерегі тіркелді. Заңсыз ауланған 4,5 тоннадан астам «олжа» тәркіленді.

Ринат Кумашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік Балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

– Балқаш-Алакөл бассейнінде ең өрескел заңбұзушылықтар су айдындарында балық аулауға тыйым салынған электр тогын пайдаланып балық аулау болып саналады. Бір апта бұрын токпен балық аулаған азаматты, заң бұзушыны, біздің инспекция мамандары ұстау барысында олар инспекция мамандарына қарсылық көрсетіп, біздің инспекция қайығын суға батырған.

Балықты кішкентай тормен ұстайтындар да бар. Ірісімен бірге шабағын да сүзіп алады.

Ернұр Рысбай, тілші:

– Балық аулау біреуге ермек, енді біреуге заңсыз табыс көзі. Қайткен күнде де өзен-көлдің барлығына бірдей қармақ тастауға болмайды. Мемлекет қорғауына алынған аймақтарда балық аулау заңға қайшы. Табиғатқа демаламын деп келіп, қоршаған ортаға зиян келтірмеу қажет.

Балқаш маңында жабайы аң-құс көп. Сол себепті қаруын асынып, аңшылыққа шығатындар аз емес. Бірақ ұшқан құс, жүгірген аңды оңды-солды ата беруге болмайды. Әуелі рұқсат, одан соң ынсап керек.

Марат Болатханов, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры:

– Қоршаған ортаны қорғау – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы Алматы облысында осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруда.

Мамандар қыркүйектен бері браконьерлерге қарсы сегіз рейд жүргізді. Әуеден бақылау заң бұзушылықпен қатар өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Алматы авиациялық бөлімшесі осы жылы 40-тан аса орман өртін сөндірді.

Бекзат Байшалов, «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Алматы авиациялық бөлімшесінің басшысы:

– Біздің «Қазәуеорманқорғау» өрт өшірумен, анықтаумен шектелмейді. Қазіргі кезде соңғы ұшу жұмыстары қалды. Ол – әуе рейдтік жұмыстары. Заң бұзушылықтарды анықтаймыз. Бірлесіп, облыстық инспекция бар, прокуратура бар, полиция бар, солармен бірлесіп жұмыс өткізіп жатырмыз.

Қазақстанда биыл табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 119 қылмыстық іс сотқа жолданды. 13 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Табиғатты аялап, оны көздің қарашығындай сақтау – бәрімізге ортақ міндет.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев