Жамбыл облысында құтқарушылар Күйік асуында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына ұшыраған жүргізушілерге көмек көрсетті. Мұның бәрі «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуының сценарийі бойынша ұйымдастырылды.
Жуалы ауданында қыста қар қалың жауып, жиі боран соғады. Жолдар көктайғақ болып, көлік қозғалысы қиындайды. Салдарынан жол апатының қаупі де артады. Сондықтан мұнда қысқа дайындық жұмыстары ерте басталады. Осыған орай Күйік асуында «Қыс–2026» оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша жол-көлік оқиғасы болып, автокөлік өртке оранды. Оқиға орнына алғашқы болып медицина қызметкерлері мен өртсөндірушілер жетті.
Күйік асуында қатты боран салдарынан жолда жүк көліктердің жиі тұрып қалады. Құтқарушылар осындай жағдайға тап болған жолаушыларға да жәрдемдесті. Олар адамдарды көліктерден шығарып, жылыту бекеттеріне жеткізді.
Азат Кәрімов, облыстық «Апаттар медицинасы орталығы» мекемесінің дәрігері:
– Әрбір оқу-жаттығу жұмысы біз үшін маңызды. Мысалы, қазір бізге тікұшақ шақырылды. Яғни науқасты тікұшақпен тасымалдау себебі – оны шұғыл түрде жеткізу қажеттілігі. Мұндай жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін алдын ала пысықтаймыз. Әрдайым дайын болу үшін бізде осындай оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл жаттығулар біз үшін өте тиімді әрі білімімізді арттыруға үлкен көмегін тигізеді.
Жалпы командалық-штабтық оқу-жаттығуға 35 техника мен 80 қызметкер жұмылдырылды. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина мамандары, полиция және коммуналдық қызмет өкілдері бар.
Қанат Иманқұлов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
– Оқу-жаттығу барысында ықтимал төтенше жағдайлардың барлық түрі қамтылып, құтқару жұмыстары, оның ішінде адамдарды эвакуациялау және техникаларды қар құрсауынан шығару жаттығулары толық көлемде өткізілді. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметтерінің іс-әрекеттері пысықталды.
Дәл осындай тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын Мойынқұм және Қордай аудандарында да өткізу жоспарланып отыр. Құтқарушылардың басты міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алып, қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев