Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Алматыда прокуратураның 35 жылдығына орай ғылыми форум өтті

  • 0
  • 20.11.2026, 18:25

Қазақстан прокуратурасына 35 жыл. Осыған орай Алматыда ғылыми форум өтті. Прокуратура өкілдері жаңа Халық Конституциясы аясында заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Атап айтқанда, адам құқығы мен бостандығын қорғау кепілдігін күшейтуді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейтін жайттарға тоқталды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және заң үстемдігін нығайтады. Осы бағытта прокуратура нақты іс-шараларды қолға алды. Мәселен, «Балалар және жол: қауіпсіздік аумағы», «Құқықтық дәріхана», «TazaQala», «AlmatyHike», «SIM KIDS», «Zhastarmen» сияқты бірнеше жоба жүзеге асты.

Райымбек Шәріпбаев, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:

– Жаңа Халық Конституциясында азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша заң нормалары күшейтілді. Онда азаматқа лауазымды тұлғалар кесірінен зардап шексе, оны қайтару мәселелері қарастырылған және цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтілген. Прокуратура органдарының ролі сол Конституциямен бекітілген.

Тәуелсіз елдің прокуратура тарихы 1991 жылдың 6 желтоқсанынан бастау алады. Сол кезде Прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру туралы қаулы қабылданды.

Талғат Балашов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі:

– Заң мен тәртіпті қалыптастыратын бірден бір орган – Қазақстан Республикасының прокуратура органдары. Конституция нормаларының тікелей орындалуы тек қана Конституцияда айтылып қоймау керек. Салалық кодекстерде, заң нормаларында барлығында көрсетілген нормалардың барлығы конституцияға сәйкестендіру керек.

Форумға Алматы прокуратурасымен қатар Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласынан құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Жиын ғылым мен тәжірибенің байланысын нығайтуға, кәсіби дағды мен ұрпақ сабақтастығын насихаттайтын алаңға айналды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов