Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Алматыда III Халықаралық жас ғалымдар конгресі ашылды

  • 0
  • 12.11.2026, 18:31

Ғылымның ертеңі – бүгінгі жас зерттеушілердің қолында. Алматыда ашылған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі биыл сабақтастықты нығайтып, жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға басымдық берді. Екі күнге жоспарланған халықаралық басқосуда отандық және шетелдік ғалымдар осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасады.

Ғылым тек жаңа жаңалық ашумен шектелмеуі тиіс. Ғылыми зерттеулер нақты мәселелерді шешуге, адамның өмір сапасын жақсартуға, экономиканың дамуына ықпал етуі керек. Сондықтан жас ғалымдардың ізденісін қолдау, олардың ғылыми ортаға еркін араласуына мүмкіндік жасау маңызды.

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі осы мақсатты көздейді. Екі күндік жиынға отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып, ғылымның бүгінгі жетістіктері мен алдағы міндеттерін талқылауда.

Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарушы директоры:

– Елімізде 28 мыңнан астам ғылыми қызметкер болса, олардың 48 пайызы, яғни жартысына жуығы – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар мен зерттеушілер. Жиында жас ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстар мен ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері отандық ғылымды дамытуға бағытталған резолюцияға енгізіліп, тиісті қарар қабылданады. Құжат құзырлы органдарға жолданады.

Конгрестегі негізгі тақырыптардың бірі – ғылымдағы жасанды интеллект мүмкіндіктері. Атап айтқанда, үлкен деректерді талдау, медициналық диагностика, цифрлық коммуникация, ғарыш және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа технологиялардың мүмкіндіктері сөз болды.

Қуаныш Тастанбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

– Жас ғалымдар ІТ салада өте жетістікке жетіп отыр. Sai Office деген бар. Одан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігімен жасалып отырған І-су деген платформалар бар. Біздің министрліктер ІТ саласында цифрландыру саласында соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу саласында сол жұмыстардың барлығына өздері қызығушылық танытып отыр. Қалдықсыз технология саласында немесе жемдік препараттар алу саласында, микробиология саласында одан кейін өсімдіктерді қорғау саласында көптеген арнайы препараттар бар. Солардың барлығы өндіріске енгізіліп, сертификаттау жұмыстары жасалып жатыр.

Конгреске қатысушылардың ғылыми ізденістері сан алуан. Мәселен, Назарбаев Университеті жанындағы Астана ұлттық зертханасының ғылыми қызметкері Айым Қайырлықызы ғылыми тобымен бірге альцгеймер ауруы мен деменцияның даму себептерін зерттеп жүр. Оның зерттеу нәтижелері әлемнің оннан аса ғылыми басылымында жарық көрген. Іргелі зерттеу жұмысы «Қазақ ғылымының үміті» сыйлығымен марапатталды.

Айым Қайырлықызы, Назарбаев Университеті жанындағы Астана Ұлттық зертханасының ғылыми қызметкері:

– Ең алдымен, Қазақстан халқы арасында Альцгеймер ауруының қандай қауіп факторлары бар екенін, аурудың қалай дамитынын және оның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін зерттеу қажет. Осы мақсатта 30-40 жас аралығындағы адамдарды қамтып, 10-15 жыл бойы ұзақмерзімді зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмын. Зерттеу барысында олардың денсаулығындағы өзгерістер мен аурудың даму механизмдерін зерделеп, алдын алу шараларының қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз екенін анықтау – алдағы негізгі мақсатым.

Конгрестің екінші күні Алматыдағы алты жоғары оқу орнында жалғасады. Қатысушылар жаратылыстану ғылымдары, ғарыш пен коммуникациялар, экология, медицина және білім беру бағыттары бойынша тәжірибе алмасады. Бұдан бөлек, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, стартаптарды қолдау және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты дамыту мәселелері талқыланады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев