Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Отандық ғылым қашан отандық өнім береді?

  • 1
  • 11.11.2026, 18:14

Соңғы жылдары мемлекет ғылымды дамытуға баса мән беріп, саланы қаржыландыруды еселеп арттырды. Бірақ нәтиже бар ма? Құрылтай осы мәселені май шаммен қарады. Бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетігінің жұмыс істеу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері баяндалды. 

Мемлекет соңғы үш жылда салаға 640 мдрд-тан астам теңге бөлді. Дұрыс-ақ. Ғылым қоры аясында 386 жоба гранттық қолдау тапқанын Саясат Нұрбек мырза жыл басында мәлімдеген. Оның 291-і нарықта өнім сату кезеңіне, 30-31 жоба шетелге өнім экспорттауға көшкен.

Алайда Құрылтайға келген Әлихан Смайылов көптің көңілін су сепкендей басты.

Жалпы ғылымды қаржыландыруға 2023–25 жылдар аралығында 643 млрд теңге бөлінді. Аудиторлар 51 млрд теңге сомасында заңбұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ 47 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Осы кезеңде ғылымды коммерцияландыруға 62,1 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 141 жоба ғана аяқталған. Оның өзінде 38-і ғана нақты өнім беріп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

– Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген.

Мынадай да жағдайлар бар. 46 жоба бойынша коммерциялық нәтижелерге жетудің орнына оларды орындау мерзімі ұзартылған және шамасы ең басты түйткіл: Ғылым қоры коммерцияландыру көлемі 44 пайыз десе, аудиторлар: «есепті кезеңдегі нақты көрсеткіш 16 пайыз», - деп отыр. Бұл мен деймін, домбырам не дейдінің кері ме?

Белгілі болғандай, Жоғарғы аудиторлық палата есепті кезеңдегі жобалар мен олардың коммерцияландырылу нәтижелерін басшылыққа алса, ғылымдағылар бірнеше жылды жалпы мерзім ретінде алады да іске асқан жоба санына бөледі. Нәтижесінде көрсеткіштер көзге ұрып тұрады. Бірақ Ғылым және жоғары білім министрі: «Бұл мәселеде аудиторлармен ортақ мәмілеге келеміз», - дейді.

Тағы бір түйткіл. Жер қойнауын пайдаланушылар ғылымды дамытуға деп 1% қаражат аудару тетігі нақты нәтиже көрсетпей отыр. Айталық, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалары орталығына бөлінген 15,2 млрд теңгенің 67 пайызы ғылыми жобалар емес, депозиттерде жатыр», – дейді аудиторлар. 

Төлеген Орашев, Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының бас директоры:

– Жобалар ұзақ мерзім ішінде іске асырылады. Қаржыландыру 100 проценттік алдын ала төлем емес, жұмыстардың орындалуына және нәтижелердің расталуына қарай кезең-кезеңімен қаржыландырылады. Уақытша бос қаражат депозитке орналастырылған. Дегенмен осы депозиттен түскен қаражат ол да болашақта ғылыми жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады.

Әсілінде ғылым – енді қосалқы сала емес, экономиканың өзегіне айналуы тиіс стратегиялық сала. Құрылтай депутаттары өзекті мәселелер мен объективті кедергілер бар екенін алға тартып, жалпы алғанда жылдар бойы тұралап келген ғылымды дамыту ісі орнынан қозғалғанын атап өтті. Құрылтайдан ұсыныс. 

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:

– Ғылыми жобаны басқару, ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процессті цифрландыруды талап етіп отыр. Ғылыми техникалық тапсырмаларды тұжырымдау экономика мен бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеруге тиіс. Атап айтқанда, технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнімдерді экспорттау қамтылады.

Ғылым саласында 3 заң, 13 нормативтік құқықтық құжат қабылданған. «Аудиторлардың былтырғы сын ескертпелерінің жартысынан астамы орындалды. Биылғы ұстанымдар бойынша да қайшылық жоқ», - деп атап өтті Айбек Дәдебай мырза.