Қазақстан интернет жылдамдығы жөнінен әлем көшінің алдында келе жатқан 55 елдің қатарында. Ал оның қолжетімділігі тұрғысынан қарайтын болсақ, орташа әлемдік тарифтен 3 есеге жуық арзан екен.
Үкімет Президент тапсырмасы аясында цифрлық экономиканы дамытудың негізгі өзегі – телекоммуникациялық инфрақұрылым мәселесін майшаммен қарады. Былтыр салаға 482 млрд тг инвестиция бағытталса, биыл жыл аяғына дейін ол 500 млрд-қа жетпек. Жалпақ жұртқа әсіресе ғаламтордың жайы қызықтырақ десек, бұл бағытта не өзгереді деген сұрақ туындайды.
Біздегі ғаламтор желісіне қолжетімділік пен жалпы интернет жылдамдығы арта түсуі тиіс қой? Келесі жылдан бастап еліміз 3G-ден бас тартуды жоспарлап отыр. Ол дегеніміз 4G-ге көшу аяқталады деген сөз. Осының өзі сіз қойған сауалға жауап болса керек.
Берік Дүйсенбай, тілші:
– Сонымен цифрлық, телекоммуникациялық инфрақұрылым игіліктері интернетпен біте қайнасып жатыр. Ендеше сол ғаламтор желісінің еліміздегі қазіргі жай-күйі қандай? Дәл қазіргі уақытта еліміз 98 пайыз интернетпен қамтылған. Ауылды жерлерде 4 G-дің қолжетімділігі 84 пайызға жетті. Ал 5G әзірге 2500 базалық станса негізінде үш мегаполисті қамтиды. Жылдамдыққа келсек, орташа республикалық көрсеткіш секундына 93 мегабит. Бұл жөнінен жаһандық Speedtest Global рейтингінде 51 орында екенбіз. Тарифтің қолжетімділігі жөнінен әлемде 7 ел екенімізді де біліп жүрейік. Біздегі орташа тариф 10 доллардан басталса, әлемдік орташа тариф 27 доллар. Күнделікті өміріміздегі интернеттің қолжетімділігі қандайда да бір сиқыр емес, оның артында үлкен инфрақұрылымдық жұмыстар тұр. Мәселен, ауыл-аймақтар 4G желісіне қол жеткізуі үшін әлі 1060, 5G-мен қамту аясын кеңейту мақсатында әлі 628 базалық станция салынуы тиіс.
Жаслан Мәдиев, Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
– 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін 4G желісі 5291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек. Мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92%-ына қолжетімді болады.
Қалған 8 пайыз – бұл мобильді және оптика-талшықты интернет желісін жеткізу қиын шалғайдағы елді мекендер. Олардың саны 480-ге жуық. Бұл мәселенің шешімі – спутниктік интернет.
Жаслан Мәдиев мырза атап өткендей, өткен қазан айында Starlink және OneWebкомпанияларына лицензия берілді. Алдағы жылы тағы екі әлемдік алпауыт осы мәселені шешу үшін біздің нарыққа кіреді. Спутниктік интернетпен алдағы жылы 120 мың үй шаруашылығы қамтылуы тиіс.
Абылай Думанұлы IТ менеджер:
– Бұл технологияның басты артықшылығы – интернетке қосылу үшін мыңдаған, тіпті жүздеген шақырымға кабель тартудың қажеті жоқ. Арнайы қосымша құрылғылардың көмегімен интернетті сымсыз, тікелей спутниктен қабылдауға болады. Сонымен қатар елімізде мобильді деректер трафигі 2,5 есе өсіп, 3 миллион адам спутниктік байланысқа қол жеткізді. Әзірге осынша адам қамтылған. Үкіметтің мәліметінше, қалған тұрғындар келесі жылы спутниктік байланыспен қамтамасыз етіледі.
Ұсыныстар да айтылды. Цифрландыру ісін жеделдету үшін байланысты су мен жылу сияқты базалық қызметтерге теңестіру қажет. Сосын кабельдерді зақымдағаны үшін жауапкершілікті арттырған ләзім. Биыл 10 айда 459 факт тіркеліп, жұмыс 80 күнге тоқтаған. 519 мың тг айыппұл тым жұмсақ екен. Сосын әлбетте құрылыс стандарттарына өзгеріс қажет. Жаңа ғимараттарға, оптикалық сымдарға, 5G базалық стансалары үшін жабдықталған орын қарастырылуы шарт.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– 5G желілерін дамыту тек мобильді интернет жылдамдығын арттырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруге тиіс. Қазірдің өзінде өнеркәсіп орындарында 5G жекеменшік желілерінің жобалары жүзеге асырылуда. Бұл технологиялар пилотсыз техниканы енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Панорама «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жаппай цифрландыру, ЖИ-ні кеңінен енгізу үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту шаралары да талқыланды. Себебі қауіпсіздік мәселесі қашан да өзекті. Мәселен, былтыр шілдеден бері Бас прокуратураның антифрод орталықтары 5 млн-нан астам қоңырауға тосқауыл қойған. Әйтпегенде мыңдаған адам алаяқтарға алданып, миллиондарын қолды қылуы ықтимал еді.