Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Ерекше балаларға арналған жаңа мектептер 20 өңірде салынады

  • 0
  • 24.11.2026, 18:25

Әр баланың арманы бар. Ал сол арманға жетуге мүмкіндік жасау – қоғамның ортақ міндеті.

Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала өсіп келеді. Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқамінерлерге осы жандар үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Қазірдің өзінде 20 өңірде арнайы мектеп ашу жоспары бар. Мұндай меже Президенттің халыққа арнаған Жолдауынан кейін қолға алынуда.

Алайда мәселе тек жаңа ғимарат салып, орталық ашуда емес. Балаға қолайлы орта, білікті маман, ал ата-анаға нақты қолдау қажет. Өйткені ерекше қажеттілігі бар балаға ең алдымен, өзгелермен тең мүмкіндік керек.

Ата-ананың алаңын сейілтіп, үмітін ақтау үшін тағы не қажет? Екінші сыныпта оқитын Даниярдың домбыра алып шерте бастауы ата-анасы мен жақындарына үлкен қуаныш сыйлады. Себебі үш жасында дәрігерлер оның ерекше бала екендігін анықтағанда, сауықтыру үшін бармаған жері қалмады. Бірнеше жыл арнайы мамандардың ем-домын алған баланың қазір жағдайы тәуір, өнер-білімге де құштар. Тақпақ оқиды.

Ғазиза Жүсіпбекова, Даниярдың анасы:

– Баламның сабағы, үлгерімі, сыныпта қалай өзін ұстауы – барлығы менің көңілімнен шығады. Аллаға шүкір деймін. Қазір алға қарай жылжу бар. Енді ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте анықтау және оларға білім беру мәселесіне баса мән беріледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ерекше балалардың қажеттілігіне сай бой көтерген нысан елімізде әзірге көп емес. Ал Астанадағы инклюзивті спорт орталығы бірегей саналады. Бұл мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген алғашқы кешен.

Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, инклюзивті спорт орталығының басшысы:

– Әртүрлі спорт түрлерін балалардың әртүрлі диагноздарына сай бейімдеп, спорт жаттығуларын өткіземіз. Аутизмі бар балалар қатысады, синдром дауна немесе сал ауруы бар бала да қатыса алады. Оған қоса, сау балаларды да қостырып, біріктіріп, сол инклюзивті форматта жаттығу өткіземіз. Мұнда әрбір жанға жеке ереже түзіліп, жаттығу арқылы жақсара түсуіне көңіл бөлінеді. Бүгінде мұнда 100-ге жуық бала келіп жүр. Олардың жағдайын ойлап, жабығып жүрген аналарына да қолдау көрсетіледі.

Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Инклюзивті спорт орталығының басшысы:

– Бұл жерде ата-аналар мен аналарға арналған тегін йога сабақтары өткізіледі. Олар балаларын үйірмелерге беріп, жаттығуға қалдырған кезде өздері де осында йога сабақтарына қатыса алады. Нұргүл Ұлжекованың өзі де ерекше баланың анасы. Ол спорттың көмегімен ұлының денсаулығын жақсартып, қатарға қосқанын айтады.

Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Инклюзивті спорт орталығының басшысы:

– Мен де 10 жыл бұрын өз баламның денсаулығын спорт арқылы жақсартып, ең алдымен, оның әлеуметтенуіне ықпал еттім. Сонымен қатар бойындағы мүмкіндіктерін ашуға көмектестім. Ал мұндай санаттағы оқушыларды дені сау балалармен бірге оқыту үрдісі елімізде әлдеқашан қалыптасқан. Бүгінде психолог, педагог, логопед және өзге де мамандар жұмыс істейтін 1 200-ден астам арнайы кабинет бар. Онда әр баланың жеке қажеттілігі мен диагнозы ескеріледі. 

Елнұра Халық, арнайы педагог:

– Ең алдымен, баланың сөйлеу тілін қалыптастыру жұмыстары дыбыстарды ажыратудан басталады. Мамандар әр дыбыстың ерекшелігін ескере отырып, арнайы жаттығулар жүргізеді. №96 мектеп-гимназиясында 2 500 оқушы білім алса, оның 116-сы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Сондықтан мұнда оқу үдерісі де өзгеше ұйымдастырылған.

Айгүл Байдалина, №96 мектеп-гимназия мұғалімі:

– Біз балаларға «үлкен», «кіші» ұғымдарын абстрактілі сандар арқылы түсіндірсек, олар оны бірден қабылдай алмайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мұндай ұғымдарды түсіндіру үшін заттарды көзбен көрсетіп, қолмен ұстатып үйрету қажет. Сонда ғана математика пәнін меңгертіп, сандарды түсінуге тиімді жолмен үйрете аламыз.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Күтім мен қолдау ерекше баланың дамуында маңызды рөл атқарады және уақыт өте келе айтарлықтай оң нәтижелерге әкеледі. Әрбір баланың даму қарқыны және әлеуеті әртүрлі болғанымен, жүйелі жұмыс, жанашырлық, сүйіспеншілік олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Инклюзивті білім беруді дамыту қажетті мамандар тапшылығын жоюмен басталмақ.

Жұлдыз Мұқашева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

– Өңірлерде 3 мыңдай педагогке қажеттілік бар, оның ішінде 2 мыңға жуығы ол бізде логопедтерге келеді. Яғни осы тапшылықты азайту мақсатында бізде логопедтерді даярлау техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде жүзеге асырылуда. Осы логопедтерді даярлау 9 колледжде жүргізіледі.

Қазіргі таңда 20 өңірде жаңа форматтағы арнайы мектептер салу жоспарланып отыр. Ондай білім ұяларында балалардың жеке қажеттіліктеріне сай білім алу, оңалту және сауықтыру шаралары жүргізілетін болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков, Болотбек Табалдиев