Астана мен Нью-Йорктің арасы алыс. Бірақ енді осы қашықтықты жақындататын мүмкіндік бар. Қазақстан 2027 жылы АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр. Америкалық авиация мамандарының тексерісі аяқталды. Қорытындысы желтоқсанда белгілі болмақ. Ал сұраныс қазірдің өзінде бар.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше Қазақстанға жыл сайын 35-40 мыңға жуық АҚШ азаматы келеді. Ал Америкаға 45 мыңдай отандасымыз сапарлайды. Бірақ екі ел арасындағы барыс-келіс әзірге үшінші мемлекеттер арқылы жүзеге асады. Яғни жолаушылар мұхит асу үшін алдымен басқа елге аялдауға мәжбүр.
Дегенмен тікелей рейстің тиімділігі уақыт үнемдеумен ғана өлшенбейді. Бұл – алыс-берісті арттырып, барыс-келісті жандандыратын, бизнес пен туризмге тың серпін беретін мүмкіндік. Өйткені әуе жолы ашылса, арақашықтық қана қысқармайды, экономикалық көкжиек те кеңейеді. Себебі қазір Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
– Нью-Йорк әлемдегі ең ірі іскерлік орталықтардың бірі. Сондықтан Қазақстаннан осы қалаға тікелей әуе қатынасының ашылуы жолаушыларға ғана емес, отандық бизнеске де жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Бұған қоса, тұрақты әуе қатынасы екі ел арасындағы туризмді дамытуға да қосымша серпін бермек. Мәселен, Нью-Йорктен елдің саяси орталығы Вашингтонға ұшақпен 1,5 сағатта жетуге болады. Ал Кремний алқабы саналатын Сан Франциско мен кино және ойын-сауық индустриясының орталығы Лос-Анджелеске 6 сағатта ұшып бара аласыз. Мұнай-газ және энергетика саласымен танымал Хьюстонға апарар рейс 3,5 сағаттан сәл асады. Ал өнеркәсіп, сауда және логистиканың ірі орталығы Чикагоға шамамен үш сағат жеткілікті.
Бұдан бөлек, жаңа бағыт Қазақстанның халықаралық авиациялық торап ретіндегі әлеуетін арттыра алады. Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ бен өзге де көрші өңірлерден келетін жолаушылар Қазақстан арқылы АҚШ-қа ұшу мүмкіндігіне ие болмақ. Мұндай тасымалға сұраныс қазірдің өзінде артып келеді.
Биыл үшінші тоқсанда Қазақстан арқылы басқа елдерге ұшатын транзиттік жолаушылар саны 75 пайызға артқан. Компания алдағы он жылда халықаралық рейстеріндегі әрбір екінші жолаушының транзиттік жолаушы болғанын көздейді. АҚШ-қа тікелей рейстің ашылуы осы мақсатқа жетуге ықпал етуі мүмкін.
- Дегенмен бұл мүмкіндіктердің жүзеге асуы алдымен америкалық тараптың келесі айда шығатын шешіміне байланысты. Бірінші санат мәртебесі берілген соң да әуе компаниясы коммерциялық тасымалға және рейстерді орындауға қажетті өзге де рұқсаттарды алуы тиіс. Осы бағыт үшін Boeing 787 Dreamliner үлгісіндегі үш ұшақты қанжығасына қоспақ. Содан кейінгі алғашқы рейстің тұсауы 2027 жылдың соңына қарай кесіледі деп жоспарланып отыр.
Авторы: Ердана Ержанұлы