2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңге болып бекітілді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берді. Ал енді осы өзгерістің декреттік төлемдерге қалай әсер ететініне тоқталайық.
Ең алдымен, бізде декреттік демалысқа шығатын аналардың екі санаты бар: жұмыс істейтін және жұмыссыз әйелдер. Әуелі ресми түрде еңбек етіп жүрген аналарға тоқталайық.
Ерлан Мұқан, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі:
– 1 қаңтардан бастап жалақы мөлшері 110 мың теңгені құрайды. Төлемақы алдағы кезеңде осы мөлшерге сәйкес есептеледі. Егер қызметкер қаңтар айының ортасында жұмысқа кіріссе, жалақысы нақты жұмыс істеген уақытына қарай төленеді.
Айта кетейік, бізде бала туған кезде берілетін жәрдемақы бар. Бұл жәрдемақы әйелдің жұмыс істейтінін немесе істемейтініне қарамастан тағайындалады. 2027 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге төленеді. «Бұл 2026 жылғы мөлшермен бірдей», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бірінші, екінші және үшінші балаға ₸164 350 (38 АЕК) төртінші және одан да көп балаға ₸272 475 (63 АЕК)
Гүлмира Жәкенқызы, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің басқарма басшысы:
– 2027 жылға арналған бюджет жобасында жалпы АЕК-ті 4 693 теңгеге дейін арттыру ұсынылған. Сонымен бірге жекелеген жәрдемақыларды есептеу үшін 4 325 теңге көрсеткіші сақталады. Сондықтан жалпы АЕК-тің өсуі бұл жәрдемақылардың автоматты түрде ұлғаюына әкелмейді. Бұл топтағы жәрдемақылардың мөлшерін үш жылда бір рет қайта қарау ұсынылып отыр. Нақты мөлшері 2027 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен айқындалады.
Тағы бір маңызды жаңалық. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді жұмысқа шыққан жағдайда да бала 1,5 жасқа толғанға дейін толық көлемде ала алады. Бұған дейін жұмысқа ерте шыққан аналар бұл төлемнен айырылатын. Енді бұл шектеу алынып тасталады.
– Бала 6 айға толып, әйел адам қайта жұмысқа шығатын болса, әлеуметтік аударымдар жалғаса береді. Қосымша жұмысын жасайды, 1,5 төленіп отырады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерге келсек, олар да әлеуметтік қолдаудан тыс қалмайды. Ол үшін әйелдің әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы мәртебесі болуы және белгіленген тәртіппен әлеуметтік аударымдарды уақытылы әрі нақты табысына сәйкес төлеуі қажет.
2027 жылы 11 қаңтардан бастап пилоттық режимде, кезең-кезеңімен мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескерілетін болады. Бағалау Отбасының цифрлық картасы негізінде жүргізіледі. Ал әлеуметтік осал топтағы отбасыларға мемлекеттік қолдау қолданыстағы тәртіппен көрсетіледі. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер отбасының саламаттылық деңгейіне байланысты емес», – дейді министрлік өкілі.