Рәсуалыққа қарсы мылтықсыз майдан. Электр энергиясы, газ, су, жылу сияқты қуат көздерін жөнсіз пайдалануға қарсы заң жобасын қалқан етіп халық қалаулылары күресті бастады.
Құрылтай қабырғасында депутаттар бастамасымен жазылған Энергия үнемдеу заңына түзетулер енгізуді көздейтін құжат жобасының бірінші оқылымы өтті. Бастама сәтті іске асып жатса, тек мектеп пен аурухана ғимараттарының өзінен ғана 11 млрд теңге үнемделуі тиіс.
Бұл қадамдар қандай тетіктермен іске асады? Энергия үнемдеудің қарапайым қадамы бөлмедегі шамнан басталады десек, аталған заң жобасы біраз саланы қамтуы тиіс қой? Әлбетте, экологиялық талаптардан бастап құрылыс саласына дейін біраз өзгеріс қамтылмақ. Енді көпқабатты тұрғын үйлерге де жаңа талап қойылады.
«Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады?!» - деген халық нақылы қай заманда болсын өзекті екенін көрсетіп отыр. Әңгімеміздің әлқиссасын заңға өзгеріс енгізуге не түрткі болды деген мәселеден бастасақ. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, 2012 жылдан бері Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заң бар. Әлбетте, оның басты мақсаты – энергосыйымдылықты төмендетуге бағытталған еді.
Энергосыйымдылық дегенді айталық, металлургияның мысалында көрсетсек, мына болат құйманы жасап шығаруға электр қуаты, я отын көп жұмсалса, оның энергосыйымдылығы жоғары деген сөз. Ал ескі станок немесе жылыту жүйесін жаңалағанда энергия шығыны аз жұмсалады да, мына болат құйманы жасаудың энергосыйымдылығы азаяды.
Ал тұтас экономика масштабында ол ЖІӨ-гі энергосыйымдылығы деп аталады. Яғни шығын аз болса, өндіріс немесе жалпы экономика тиімді саналады.
Арман Қалықов, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Қазақстанның ЖІӨ-гі энергосыйымдылығы орташа әлемдік деңгейден 2 есе жоғары, ал Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы елдеріндегі көрсеткіштен 3,6 есеге көп. Сонымен бірге энергоресурстарды тұтыну жыл сайын өсіп келеді. 2021 жымен салыстырғанда былтыр ол 10,8 пайызға артқан.
Энергия ресурстарын аса ірі көлемде тұтынатын сектордың бірі – ғимараттар. Айталық, 2012 жылы қабылданған қолданыстағы Энерготиімділікті арттыру заңы негізінен ірі өндіріс ошақтарында энергияны үнемдеу тетіктерін реттеп келді. Ал бюджеттік мекемелер көп жағдайда жүйелі түрде қамтылмаған. Қазіргі түзетулердің бір парасы – осы олқылықтардың орнын толтыру.
Яғни мектеп, аурухана, т.б әлеуметтік нысандар, жиыны - 3000 мекеменің электр қуаты мен жылу тұтыну деңгейі бақылауға алынбақ. Демек ғимараттармен тұрғын үйлерге электр энергиясы, жылу, газ секілді коммуналдық ресурстарды жөнсіз рәсуа қылдырмайтын талаптар қажет.
Нұрайнаш Камалова, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Ғимараттарды жобалау кезінде осындай талаптар қаралған ба және бұл талаптар құрылыстың қай кезеңінен бастап қарастырылатын, енгізілетін болады.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
– Жылына 500 тонна шартты отын мөлшеріне белгіленген шектеуді алып тастау мәселесі пысықталып жатыр. Бұл шектеу алынғаннан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуден бастап, мемлекеттік сараптамадан өткізу және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезеңдеріне дейінгі барлық мәселелерді кешенді түрде шешу мүмкіндігі туады.
Елдегі ірі энергия тұтынушылар саналатын мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілері туралы жүйеленген ақпараттар жиынтығы бар. Мемлекеттік энергетикалық тізілім реестрі деп аталады. Оған жыл сайын 500 тонна және одан да көп энергоресурсты тұтынатын мекемелер кіреді.
Яғни былай ғой. Бұрынғы заңға сәйкес, жылына 500 тонна отын жағатын мекемелер сол жаққан жылуының есебін беріп, үнемдеу талаптарын орындап отырды. Енді жаңағы 500 тонна шекті мөлшерді алып тастаған соң ірі өндіріс орындары ғана емес, мектеп, аурухана, балабақша, т.б әлеуметтік нысандардың барлығы энергетикалық реестерге кіреді. Тиісінше оларға да энергия үнемдейтін құрылғылар мен технологияларды енгізу талаптары қойылады. Нәтижесінде:
– Бюджеттік секторда энергия тұтыну жылына 160 мың тонна шартты отынға азайтуға мүмкіндік береді. Ол ақшалай түрде 11 млрд теңгені құрайды.
Бұл шаралар әзірге тек 3 мың ғимаратты ғана қамтиды. Соның өзінен 11 млрд үнемделмек. Ал елімізде мемлекеттік мекемелерге тиесілі ғимараттардың жалпы саны - 14 746. Оның ішінде депутаттардың өздері отырған Құрылтай ғимараты да бар. Яғни бірінші оқылымда мақұлданған түзетулер мылтықсыз майдандағы үлкен күрестің басы екенін, ал алдағы уақытта жүздеген млрд теңгенің үнемделетінін қазірден-ақ бағамдау қиын емес.