Ел бойынша ең көп некелесу Алматыда тіркелген
Ел бойынша ең көп неке Алматыда тіркеледі. Өткен жылы қалада 20 мыңға жуық жұп бас қосып, отбасын құрған. Қол ұстасып, жұбайлық өмірге бет алғандардың орташа жасы – 25 пен 27 жас.
Аудандық АХАТ бөлімдерінде күніне 160-қа жуық жұп некесін қидырып, заңдастырады екен. Бұл қуанарлық жағдай, - дейді мамандар. Ең бастысы, өмірдегі маңызды кезеңге қадам басқандардың жұбы жазылмаса игі.
Әйгерім Әбілсейітова, Бостандық аудандық АХАТ бөлімінің басшысы:
- Неке қию туралы өтінішті 15 күнтізбелік күн бұрын беру керек. Бұл қызмет электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында онлайн режимінде қолжетімді. Жас жұбайлар АХАТ бөлімінде некелерін салтанатты түрде қиятын болса, қосымша қызметке тапсырыс бере алады.
Некеге тұру тек құжат жүзіндегі байланыс емес, ол – жауапкершілік. Отбасы мүшелерінің бір-бірін түсінуі, қолдау көрсетуі және балаларға дұрыс тәрбие беруі – жанұя мызғымастығының сыры осында, - дейді ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ қыздарының жанашыры Ақұштап Бақтыгереева.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Ұлы сезім бар емес пе, махаббат деп атайтын. Жастықтың сол емес пе сәні. Ал біздің тарихымызда сол үшін құрбан болған қыздары қанша қазақтың. Сол махаббат жолында сүйгенімен өмір сүруді жырлаған жырлар қаншама? Меніңше, біз сол кітапты да аз оқимыз. Осындай әңгіме отбасында да аз айтылады. Бұл жайлы үлкен бізге институт керек. Сол жерде жастарға сабақтар жүру керек сияқты.
Өкінішке қарай, Алматыда ажырасуға өтініш беретіндердің де саны азаймай отыр. Былтыр 4,5 мыңға жуық жұп некесін бұзған. Әдетте АХАТ қызметкерлері ерлі-зайыптыларға ажыраспас бұрын 1 ай уақыт береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, қайта табысатын жұптар да бар, - дейді мамандар.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон