Алдағы аптада елордамызда халықаралық маңызды жиындар өтеді. 20-23 сәуір күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланады.
Мәртебелі мейман сонымен қатар елордада 22-24 сәуірге жоспарланған өңірлік экологиялық саммитке қатысады деп күтілуде. Жиынға одан өзге де бірқатар мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Орталық Азия – жер шарындағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі. Сондықтан опық жеп қалмас үшін ортақ іске жұмылу керек. Оның үстіне теңізге шығу мүмкіндігі жоқ көптеген дамушы елдерге қауіп төніп тұр. Кейінгі 20 жылда жан басына шаққандағы сумен қамтылу 30 пайызға кеміген. Ал аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Жаһандық жылыну әсерінен мұздықтарда кеми бастаған. «Теңгерімдікті сақтап қалу үшін мемлекет, бизнес және халық болып жұмылы әрекет ету қажет», - дейді сарапшылар.
Рүстем Қабжанов, «ECOJER» қауымдастығының бас директоры:
- Болашақ үшін осы үш ойыншы өзара келісімге келуге тиіс. Халыққа табиғаттың таза болғаны маңызды. Ал кәсіпкер пайда табуға мемлекет өз міндетін атқаруға тырысады. Алайда жауапкершілік – ортақ. Сондықтан барлығына ұнайтын, барлық талаптарға сай заңдар қабылданып, олар тиісті деңгейде жұмыс істеуі керек.