«Хабар» телеарнасы «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорымен бірлесіп, қоғамда оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа бастаманы қолға алды. «Оян!» таңғы бағдарламасында арнайы медиажоба эфирге шыға бастады. Онда әдеби шығармалар туралы викториналық сұрақтар қойылып, қызықты спикерлермен сұхбаттар беріледі.
Алғашқы шығарылымы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романына арналды. Бас кейіпкерлердің тағдыры туралы күрделі сұраққа бірінші болып дұрыс жауап берген Қарағанды облысы, Батық ауылының тұрғыны Дәметкен Жиенбаева iPhone смартфонын жеңіп алды. Қазір тележобаға Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан 189 мыңнан астам адам қатысуда. Әр аптаның жұма күні таңғы сағат 8-де «Хабар» арнасының тікелей эфиріне шығатын білім бәйгесіне сіз де қатысып, бақ сынай аласыз.
Санат Ілияс, «Кітап оқитын ұлт» жобасының жүргізушісі:
- Жобаға барлығы қатыса алады. Баладан қарияға дейін. Біз жас таңдамаймыз. Ең бастысы, біз ұсынған, яғни келесі аптаның кітабы – Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы. Соны оқып, содан алынған сұраққа бірінші болып дұрыс жауап беру. Сондықтан қазірден бастап Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романын оқуға кеңес беремін.