Алматы облысында асфальтбетон зауыттары тексерілді

  • 7
  • 17.04.2026, 21:49

Алматы облысында құрылыс маусымы алдындағы асфалтьбетон зауыттарына тексеріс жүргізілді. Мониторинг барысында өндіріс орнындағы жабдықтар, жол құрылысына қолданылатын материалдардың сапасы бағаланды. Бұл тексерісті Жол активтері сапасы жөніндегі ұлттық орталықтың мамандары жүргізді.

Алматы облысында асфальтбетон шығаратын 19 зауыт бар. Соның ішінде 16 өндіріс орны тексерістен өтті. 3 зауыт уақытша жұмысын тоқтатқан.  Қазір оларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нұрлан Жаныбаев, зауыт шебері:

- Біз енді тікелей «ҚазАвтоЖолмен» жұмыс істейміз. Республикалық маңызы бар «Қаскелең-Күрті» бағытында мамыр айында жөндеу жұмысын бастаймыз.

Орталықтың мамандары өндірістік процеске бастан-аяқ тексеріс жүрізген. Яғни материалдың жай-күйін тексеруден бастап, одан дайын қоспа шыққанға дейінгі жұмыс барысы бақыланған. Сондай-ақ техникалық талаптардың сақталуы мен рұқсат қағаздардың бар-жоғы тексерілді. Нәтижесінде мамандар өнімнің талапқа сәйкестігі туралы қорытынды шығарады.   

Қанат Хамитжанов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ бөлім басшысы:

- Егер зауыттардың мысалға, сертификациясы, калибровка шығарылатын өнімдеріне белгілі бір қағаздар немесе бір құрылғылар жетіспеген жағдайда бұл сәйкес емес деген статуста болады. Осының бәрін қорытындылай келе, біз облыстық әкімдікке, жергілікті органдарға, сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мекемесіне хаттар жолдаймыз. 

Асфальтбетонның дайын қоспасы бірнеше кезеңдік тексерістен өтеді. Бастапқыда құм, қиыршық тас және битум сапасы зерттеледі. Одан кейін қоспаның құрамындағы осы материалдардың нақты өлшемі талданады. Кейбір зауыттар бұл сынақтарды өздері жүргізеді. Енді біреулері арнайы зертханалармен келісімшарт негізінде жасайды. 

Дәурен Тантақов, зауыт зертханасының басшысы:

- Біздің лаборатория Ұлттық акредитация орталығында 2015 жылы аккредитациядан өткен. Былтыр біз қайта аккредитациядан өткенбіз. Бүкіл «приборлар» бізде сертификациядан өткен. Жылына біз 250 – 300 000 тонна асфальт жібереміз. 

Өңірдегі құрылыс маусымы мамыр айының басында басталады. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған. Жұмыстар Алматы-Астана бағытында да жүргізілмек.

Ернұр Рысбай, Кенже Амраев