Хабар телеарнасы

2024 жыл қазақ анимациясы үшін табысты жыл болды

Жаңа жылда 13 сериялы «Бақаш пен Тоқаш» мультфильмі кішкентай көрерменге жол тартады. Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясы биыл «Алтын қордағы» 8 фильмді реставрациялады. Ал қазақтың дәстүрлі «Беташары» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді.

Биыл Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді. Одан бөлек, осы жылы елімізде жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Жошының өмірі мен Алтын орда хандығының түп негізі қаланар уақытты арқау еткен шығарма нақты деректерге сүйеніп жазылған. 

Биыл танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толықты. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы жалғастырды. «Веном: Соңғы би» фантастикалық экшн туындысы Sony Pictures өз қаражатына аударып, дубляждаған. Ал Disney студиясы «Муфаса. Арыстан патша» және «Моана 2» анимациялық фильмдерін қазақ тіліне аударып, көрермен назарына ұсынды.

Биыл әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген Дубайда DIAFA сыйлығымен марапатталды. Ол - қоғам өмірін жақсартуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін табысталатын сыйлық. Одан бөлек, «Дүрдараз» бен «Дайдидау» және «Адай» күйін әлемдік сахналарда аспанындату арқылы мәдениетімізді әлемге дәріптегені рас. Мәселен, Польшадағы Димаш Құдайбергеннің фан-клубы елдегі тұңғыш «Поляк-қазақ тілашарын» шығарды.

Ұлу жылында қазақтың дәстүрлі Беташары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді. Мәдениет саласындағы мамандардың айтуынша, бұл ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандық деңгейде дәріптелуіне ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне домбыра күйлері, қазақ күресі және киіз үй жасау дәстүрлері енген.