Алматыға қалың қар түсті
Таулы аймақта – Шымбұлақ пен Каменск үстіртінде қардың қалыңдығы 20 сантиметрден асты. Ауа райының қолайсыздығы әуе қызметіне де кері әсер етті. Бүгін ондаған рейс уақытынан кешігіп ұшты. Қалада қар тазалау жұмыстары түнде басталды. Оған 475 арнайы техника мен 1 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылды.
Синоптиктер қалада ауа температурасы түнде минус 13-ке дейін төмендейді, - деп болжап отыр. Сондықтан жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері жолда абай болуы керек. Сондай-ақ синоптиктер Алматы тауларында қар көшкіні жүру қаупі барын айтты. Бүгін және ертең жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде қар көшкіні жүруі мүмкін.
Берік Шаханов, қала әкімінің орынбасары:
- Қаламызда жол техникасы, арнайы қар тазалау техникасы соңғы екі жылдың ішінде жаңартылып, 140-тың шамасында жаңа техника алынды. Ол заманауи жоғары көрсеткіштермен жұмыс істейтін техника. Соның арқасында қар тазалау, қаланы тазалау жұмыстары өте үнемді және жылдамырақ болады. Одан кейін бұл техниканың арқасында қол жұмыстары да қысқарады.