Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні болуы мүмкін
Жалпы аймақта көшкін жүретін 497 қауіпті аумақ болса, ондағы 336 қырат пен қырқаның арасында елді мекен мен автокөлік жолдары бар. Тіпті 7 ауыл дәл қар көшкінінің өтінде тұр. Сондықтан қар қалың түсетін аумақтарға 207 арнайы ескерту белгілер қойылған.
Ал 24 бағыт бойынша арнайы 22 байқаушы қардың қалыңдығын өлшеп, күнделікті мониторинг жасап отырады. Биыл облыста соңғы екі аптада екі айлық қар жауған. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 70 сантиметрге жетеді. Арнайы мамандар Самар - Таулы Үлбі тас жолының бойындағы қыраттағы қарды техникалық жарылыс арқылы құлатты.
Нәтижесінде 3-4 мың шаршы метр қар түсті. Жаңа жылға дейін тағы 10-ға жуық аумақтағы қарды құлату жоспарланып отыр.