Сарышұнақ аяз апта соңына дейін сақталады
Осыған байланысты теріскейдегі барлық мектептерде сабақ тоқтатылды. Қазір білім ошақтарында тым-тырыс.
Ал жол сақшылары мен құтқарушылар күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Мұнымен қоса республикалық бағыттағы тас жолдар жабылып, дизель отынымен жүретін көліктерге шектеу қойылды. Сәйкесінше, бекеттерге ұзынсонар кезек қалыптасты.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары автокөлік иелеріне алыс сапарға шықпауға кеңес беруде. Өйткені өңірде аяздың беті тек келесі аптада қайтады.
Жанат Қажыманов, жүргізуші /Көкшетау қ./
-Кеше Омбы қаласынан шыққан едік. Кешкісін күн күрт суытып кетті. Жолдар жабылған соң, осында түнеп шықтық. Қатты аяз. Кейбір көліктердің қысқы жанар-жағармайлары қатып жатыр.
Жанат Сұлтанов, облыстық ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы
-Жылу бекеттері әрбір ауданда істеп тұр. Әрбір ауданда тоқталған көлікке көмек керек болса, тиісті көмек көрсетіледі. Кеше Жамбыл ауданында бір «Камаз» жолдың жиегіне шығып, қатып қалған. Сол 2 адамды жақын аудандық әкімшілікпен бірлесіп құтқарып, машиналары да жылы орынға қойылды.
Қостанай облысында да аяз күшейіп, қыс қаһарына мінді. Тобыл өңірінде сынап бағанысы 38 градусқа дейін төмендеген. Кей жерлерде 45 градусқа дейін жетіпті. Осы себепті мектептерде оқу болған жоқ.
Түске дейін дизелді отынмен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді. Мамандар ауа-райының бұлай күрт төмендеуі ерекше құбылыс деп отыр. Апта соңына таман аяздың беті сәл қайтқанымен, жел күшейіп, боран соғады деген болжам бар.
Түнгі аязда төтенше жағдайлар дептарментінің қызметкерлері жолда қалған 15 жолаушыны құтқарған. Оның біреуі – жас бала.
Иван Черменинов, Қостанай облыстық ТЖД шұғыл кезекшісі
-Қазіргі кезде құтқарушылар Қарасу ауданыны Ушаков ауылының маңында кезекшілік жүргізуде. Сол тұста мал тиеген екі Камаз көлігі қар құрсауында қалған. Олар оңтүстікке бет алып бара жатыр екен. Жол тазартылып, тиісті көмек көрсетілді.