Хабар телеарнасы

СҚО-да интернет алаяқтығы өршіп тұр

Өңірде жыл басынан бері 600-ден аса қылмыс тіркелген. Оңай жолмен олжа табудан тартынбайтындар ақша үшін қандай қулыққа барады?

Аты-жөнін айтпауды сұраған мына қыз жақында алаяқтардың арбауына түсіп, 500 мың теңгесінен айырылып қалды. Оған ең алдымен полиция қызметкері хабарласып, өзін капитан шеніндегі тергеушімін деп таныстырған. Кейін видео байланыс арқылы банк қызметкері қоңырау шалып, банк карточкасындағы ақшасын шешіп алған.

Жәбірленуші:

- Өзін тергеушімін деген адам мені банк қызметкерімен байланыстырды. Ол жеке мәліметтерімді сұрастыра келе, СМС хабарлама арқылы келген кодты айтуымды өтінді. Содан кейін ақшам жоқ болды.

Жәбірленуші сотқа арыз жазды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтар адамдарды сендіру үшін неше түрлі құйтырқы әрекетке барады. Биыл оларға қатысты 600-ден аса қылмыстық іс ашылған.

Мадияр Хәріпов, облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

- Ең көп таралған интернет алаяқтығының түрлері ол қазіргі кезде банк қызметкерлерінің қоңырау шалу. Олардың азаматтарға сіздердің есепшоттарыңыз бойынша бір операция жүріп жатқандығы туралы және де мобильдік ұялы телефондарының СИМ карталары мерзімінің аяқталғаны бойынша.

Интернет алаяқтары айылын жияр емес. Олардан келген шығын көлемі де батпандай. Биыл облыс бойынша жәбірленушілер 600 млн теңгеге алданып қалған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков