Республиканың 4 облысында қатты ыстыққа байланысты «Қазгидромет» ескерту жариялады
6-9 шілде күндері Жамбыл облысының кей жерлерінде 43 градусқа дейін, ал Алматы облысының бірқатар жерінде 40 градусқа дейінгі аптап ыстық болуы мүмкін.
Қазір елдің оңтүстігі мен батысында ыстық күшейді. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында 43 градусқа жетті.
Қызылордада денсаулығы сыр бергендер көбейіп, жедел-жәрдемге түсіп жатқан шақыртуларда есеп жоқ. Күннің күрт ысуынан Маңғыстау облысында 70 гектар алқап өртке оранды. Ал Ақтөбеде қатты дауыл тұрып, бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Балкондар қирап, ағаштар құлады.
Бүгін Маңғыстау облысында ауа температурасы 43 градусқа дейін көтерілді. Күннің қызуы әсіресе мұнай кеніштерінде еңбек етіп жатқан жұмысшыларға қиын тиіп тұр. Ұжымдық шартқа сәйкес, олар әр 2 сағат сайын 20 минуттан демалып, үздіксіз салқын сумен қамтамасыз етілуде. Ал ыстыққа шыдамаған ақтаулықтар болса, қарт Каспийді жағалауға мәжбүр.
Осыған орай суда құтқарушылар күшейтілген кесте бойынша жұмыс істеуге кірісті. Жедел құтқару топтары ыстық күнде суға түсудің талаптарын түсіндіріп жатыр.
Бақытжан Қайроллаев, Облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының басшысы:
- Суға көп түспеу керек. Жағажайда күнге көп қыздырынуға болмайды. Бас киім болу керек басында. Өзінің қасында суы болу керек.
Қызылорда өңірінде де аптап ыстықта денсаулығы сыр бергендер көбейді. Жергілікті жедел-жәрдем стансасына түсіп жатқан шақыртуларда есеп жоқ.
Ләззат Медетова, Облыстық жедел-жәрдем стансасының аға дәрігері:
- Артериялық қан қысымының жоғарылауымен, ішек ауруларымен тіркеліп жатқан науқастар саны көбеюде.
Еліміздің күнгейі осы айдың алғашқы онкүндігінде Орталық Азиядан жылжып жатқан жылы ағымның ықпалында болады. Шілденің 6-9 аралығында шөлді аймақтарда термометр бағаны 46 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Салтанат Қоныс, «Қазгидромет» РМК ОҚО филиалының инженер-синоптигі:
- Жағдайды ескертіп, халыққа sms-пен жібердік. Ал екінші онкүндікте аптап ыстықтың беті қайтады деген болжам бар.
Жамбыл облысында күннің күрт ысуына байланысты барлық қызметтер көпшілікке жедел түрде көмек көрсетуге әзір. Мамандар тұрғындарға шілденің 8-іне дейін көшеге көп шықпауға кеңес береді. Шаһардағы «Зербұлақ» көлінде таңның атысы, күннің батысына дейін адам үзілмейді. Мұнда құтқарушылар мен дәрігерлердің кезекшілігі ұйымдастырылған.
Бақтияр Мамыров, құтқарушы:
- Өзіміздің медигымыз бар, көлде жүрген медик бар, көмек уақытылы көрсетіледі. Сенбі, жексенбі 500-600-ге дейін халық саны көбейеді.
Авторы: Гүлмира Әбішева