Ақтөбе облысында қар тазалайтын көлік тапшы
Ақтөбе облысында қар тазалайтын көлік тапшы. Республикалық маңызы бар ұзындығы 1869 шақырым жолды қамту үшін 257 техника қажет. Алайда өңірдегі жауапты мекемеде тек 107 көлік бар. Бұл мәселенің түйіні қалай шешілмек?
«Самара-Шымкент» республикалық дәлізінің Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақ ауылы арасы боранды күні жүргізушілерді жылда әбігерге салады. Ақтүтек аттап бастырмай, жолаушылардың бірнеше тәулік далада қонған кезі де болды. Сондықтан жауапты мамандар дайындықты күні бұрын бастап кетті.
Рүстем Қашанбаев, №8 жол техникасын пайдалану бөлімшесінің басшысы:
-«Самара-Шымкент» бағыты. Яғни Ақтөбеден бастап Бөгетсай бағыты. Жол пайдалану нөмір 8 сол бағытта қараймыз. Бұл бағытта подъемдар көп, қауіпті повороттар көп. Күні-түні жұмыс ұйымдастырылған. КДМ-дар құм шашатын тұз араласқан күні-түні кезекшілікте тұрады. Техниканың барлығы екі смена жұмыс жасайды.
Ақтөбе облысында жиі қар басатын 101 учаске бар. Жол бойында ұйытқыған боранға кедергі болатын 86 шақырым бетон қалқан орнатылған. Ал жолдағы қарды тазалауға 257 техника қажет. Алайда өңірдегі жауапты мекеменің меншігіндегі көлік саны мұның жартысына да жетпейді.
Нұрлан Нұрғали, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
-Осы жетіспеушілікті болдырмас үшін қазір жалға алып жатырмыз. 18 техниканы жалға алуды жоспарлап отырмыз. Облысымызға 8 жаңа техника келді. Соның 8-і автогрейдер және бір погрузчик жеткізілді.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары да қысқы науқанға дайындықты пысықтады. Қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаратын 45 көлік бар. Жол бойындағы елді мекендерде 129 жылыту пункті даяр. Ырғыз ауданында орналасқан уақытша бас сауғалау орны қарашада бір топ жолаушыны қабылдап та үлгерген.
Қайрат Аманшев, ТЖД басқармасының инженері:
-Ағымдағы жылдың бірінші қараша күнінен бастап 15 адам құтқарылды. Оның ішінде алтауы бала және 38 адам эвакуацияланып олардың ішінде алтауы бала. Олар жылыту пункттеріне орналастырылды.
Республикалық маңызы бар жолдарды қар мен мұздан тазарту үшін 33 мың тонна құм мен 7 мың тонна инерттік материал қажет. Қазір өңірге оның 80% жеткізілген. Синоптиктер болса қаһарлы қыстың ауылы алыс емес деп болжап отыр. Ертең-ақ облыстың солтүстік аудандарында бұрқасын болып, көктайғақ болуы ықтимал.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов