Хабар телеарнасы

«Алтын-Емел» ұлттық паркі жаңа техникамен қамтасыз етілді

Жетісу облысындағы «Алтын-Емел» ұлттық паркі жаңа техникамен қамтасыз етілді.

Ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлеріне жол талғамайтын, өрт сөндіретін және мотоцикл мен квадрациклдардың қырық шақтысы берілді. Жаңа көліктерге қол жеткізген парк басшылығы енді жабайы жануарларды қорғау жұмыстарын күшейтпек.

Мұрат Иманғалиұлы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Басши» орманшылығының бастығы қарамағындағы қызметкерлермен бірге 100 мың гектарға жауапты. Қорғайтын аумағының ауқымына қарай оған су жаңа көліктің бірі сеніп тапсырылды.  

Мұрат Иманғалиұлы, «Басши» орманшылығының басшысы:

- Осыған дейін үш УАЗ ауыстырдым. Төртінші көлігім мынау. Қазіргі жағдайымыз жақсы. Осы көліктің арқасында мұздап далада қалу деген жоқ. Көлік сыну деген жоқ.

Ұлттық паркте 80 мемлекеттік инспектор жұмыс істейді. Олар өткен жылы 265 рет, биылдың өзінде бірнеше мәрте рейд ұйымдастырды. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағы 307 мың гектардан асады. Ерекше қорғалатын аймақ 29 кардонға бөлінген. Ондағы аң-құстың атылмауын қадағалау үшін мемлекеттік инспекторлар көліктің түр-түрін қолданады.

Алыңғы жылы Іле өзенінің бойын қаулай өскен қамыс өртенген болатын. Енді ондай жағдай қайталанса, парк қызметкерлері сақадай сай тұрады. Себебі оларға су шашатын құрылғысы бар қайық, үш үлкен және жеті шағын өрт сөндіру кешені берілді. Он адам тұрақты жұмысқа қабылданып, арнайы станция ашылды.

Мұрат Құрбанқұлов, «Алтын-Емел» МҰТП өрт сөндіру станциясының басшысы:

- Бұрыңғы кезде өте қиын болған. Екі-ақ көлік болған. Біреуі ескі біреуі жартылай жүрілген көлік болған. Қазір Құдайға шүкір, жақсы бәрі, жаңа. Күн болса да, түн болса да бәрі дайын өрт сөндіруге.

Ұлттық парк басшылығы: «техниканың 90 пайызы жаңартылды»,- деп отыр. Көптен бергі көкейкесті проблемасы шешілген олар енді қорғау шараларын күшейтпек. 

Қуат Байтұрбаев «Алтын-Емел»  МҰТП бас директоры:

- Биыл бес кардон салсақ па деген ойымыз бар. Сол кардондарды салсақ, заңсыз кіретін жерлер бар деп ойлаймын. Сол жаққа біз қойсақ, бар аймақты назарда ұстаймыз ба деп ойлаймыз. Назарда ұстағаннан кейін нәтиже береді.

Техникасы түгенделген ұлттық парк қызметкерлері алдағы уақытта ерекше қорғалатын аумақты тұтастай шолып шығады. Сөйтіп аймақты мекендейтін жабайы жануарлардың санын анықтайды. Мамандар қазірдің өзінде аң-құстың көбейіп, қарақұйрық саны 6 мыңнан асқанын айтып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын