Алматы облысы, Жалпақсай ауылында 10 жастағы баланы үш ит талап тастады. Ауыр жарақат алған бала жедел жәрдеммен Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілген. Оған төрт сағат операция жасалды. Қазір науқас жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Ал иттің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қайғылы жағдай ауылдың стадионында болған. Ойнап жүрген 10 жастағы Максим Головочевті жапсарлас тұрған ауладан босап шыққан екі овчарка мен бір питбул тұқымдас ит жабылып талаған. Жағдайды балалардан естіген жергілікті тұрғын Серік Сақайбеков бірден көмекке ұмтылады. Азулы иттерден баланы ажырату мүмкін еместігін түсініп, қолындағы бәкісімен арашалап алады.
Серік Сақайбеков, ауыл тұрғыны:
- Екі күн бұрын балыққа барған болатынмын. Көлігімде бәкі бар еді. Соны алып жүгірдім. Питбул шабынан алып, сілкілеп жатыр екен. Овчарка иығынан алыпты. Питбульді пышақпен ұрып едім, ол ырылдады да ауырғаннан шегініп кетті. Баланың үстінен секіріп бардым да, овчаркаға пышақ сұқтым.
Екатерина Бурмистрова, Максим Головочевтің анасы:
- Жедел жәрдемнің ішінде балам топ баланың артынан иттердің қуалағанын айтты. Менің балам қаша алмай қалып қойған. Басы, беті, қолдары мен аяқтарын талап тастаған. Иттердің иесі менімен жеке кездеспекші болды. Бірақ мен мәселе сот арқылы шешілетінін айттым.
Иттер бұрынғы клуб, қазір нашақорларды оңалту орталығының иесіне тиесілі екен. Бірақ орталықта не үшін төбелеске арналған иттерді асырап отырғаны түсініксіз. Әрі бір емес, он бес ит ұстайтыны анықталған. Төртаяқтылардың иесі баланы құтқарған азаматқа «Итімді пышақтағаның үшін жауап бересің», - деп қоқан-лоқы жасапты. Қазір жергілікті әкімдік орталықтың нысаналы мақсатына сай жұмыс істеп тұр ма, жоқ па анықтап жатыр.
Ислам Бауыржанұлы, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі:
- Мақсатты тағайындауы Мәдениет үйі болғандықтан олар бұл жерде ит асырауы, мал шаруашылығымен айналысуы заңсыз. Осыған байланысты аудандық ветеринариялық станцияға, санитариялық-эпидемиологиялық станцияға (СЭС), аудан прокуратурасына және басқа құзырлы мекемелерге осы мәдениет үйінің жұмыс істеу заңдылығы мен мал шаруашылығын жүргізу заңдылығы туралы хат жолдадық. Ал итті бағып отырғаны мүлдем тоқтатылады.
Максим қазір Қаскелең қаласындағы ауруханада ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Дәрігерлер баланың жағдайын орташа тұрақты деп бағалап отыр.
Алтай Достияров, Қарасай аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Головочев Максим 2014 жылғы бала. Кеше сағат 17:30-18:00 шамасында қабылдау бөліміне түсті. Сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Диагнозы: иттің көп жерін тістеуі — басы, кеудесі, қолы, аяғы және мұрны зақымдалған. Құлағында және аяғында тері дефектілері бар.
Қазір Алматы облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев