Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады
Импорттық тауарларға тәуелділікті төмендету, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыру, заманауи технологияларды жеткізу, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялау. Мәжілістің пленарлық отырысына осы мәселелерді шешуі тиіс заң жобасы ұсынылды. Депутаттардың бастамасымен әзірленген үшбу құжат Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында өмірге жол тартпақ.
Мәжілісмендердің айтуларынша, заң нормаларына түзету отандық өнім өндірушілердің мүддесін алға тартып, made in KZ деп айтуға тұрарлықтай жағдай жасауы тиіс.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мемлекет обалы не керек, отандық тауар өндірушілерді қолдап келеді, бірақ кәсіптің кілтін ұстағанның бәрі отандық па? Мәселен, made in KZ деп қытайдан костюм тіктіртіп, отандық тауар өндіруші сертификатын алып алғандар экономикаға пайда әкеліп отыр деп қалай айтамыз? Олар қаржылай субсидия, салық жеңілдіктері сияқты майшелпекке басын сұғып алады. Бюджеттен бөлінген ақша бұдан былай шынайы өндірушілерді ынталандыруы тиіс.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кімдер шынымен отандық өндірушілер екенін анықтап алмайынша, біз өз бюджетіміздің қаражаты есебінен өзгелерді байытып, олардың экономикасын өсіре беретін боламыз. Жалған өндірісті тіркеу жағдайлары кездесіп жатыр. 2023 жылы Бас прокуратура 206 заңбұзушылықты анықтады. Мысалы, Атырауда Истай мен Махамбет ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс сертификаты берілген. Талдықорғанда сертификат алған өндіріс орнының мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген.
Мәжілістегі «Аманат» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсембаев бүй дейді. Президент экономика көлемін екі еселеу міндетін қойды. Ол үшін тұрақты өнім, жұмыс орны мен салық түсімдерін беріп отырған отандық өнім өндірушілер керек. Ал ақпарат айдыны бүйірі жыртық бюджет, келешегі бұлыңғыр экономика туралы сыни материалдарға толы. Себебі жауаптылар жауап таппай, әлемдегі ахуалды алға тартып ақталудан әрі аса алмай отыр, - дейді. Амалдау қажет.
Елнұр Бейсембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заң Қазақстанда шығарылатын тауарлар мен өндірушілер тізілімін әділ, ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Осының өзін еліміздегі жаңа өндіріс орындары деп білуге болады. Себебі олардың өрісі кеңейеді. Реестрге кіру барлық бизнес өкілдеріне тегін. Салалық қауымдастықтармен бірлесіп, Made in Kazakhstan стандарттарына сай өндірістің нақты талаптары әзірленеді.
Айта кетейік, қазір тауар өндірушілер 2009 жылдан бері СТ-KZ жүйесіне тіркеліп келеді. Ол тауардың ҚР-да шығарылғанын куәландыратын сертификат. Индустриалдық сертификат жүйесі 2019 жылдан бері қолданысты. Ол – кәсіпорынның отандық тауар, жұмыс және қызметтер реестріне енгенін, сондай-ақ отандық өндіруші мәртебесін бар екенін растайтын құжат. Бүгінге дейін 50 мыңнан астам CT-KZ сертификаты мен 1 мыңның үстінде индустриалдық сертификат берілген.
Енді жаңа реестр биыл жыл барысында қолданысқа енеді. Ал СТ-KZ және индустриялдық сертификат 26 жылдың 1-қаңтарынан күшін жояды. Ал жаңа реестрге сәйкес, енді көлденең көкатты отандық өндіруші ретінде құжат алып алып, білгенін істей алмайды. Оның отандық өндіруші екенін анықтау, дәлелдеу және жұмыс барысын бақылау толық цифрландырылады.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кәсіпорынды реестрге қосу, одан кейін жұмысына монторинг жасаудың бірінші кезеңі толығымен цифрландырылмақ. Бұл Оңтүстік Корея, Австралия және АҚШ-та қолданылған әлемдік жетекші тәжірибелерге сай болмақ. Біздің ел жасанды интеллектіні енгізу жөнінен озық 50 елдің қатарына кіреді. Отандық өндірушілердің шығу тегін анықтайтын арнайы алгоритм мемлекеттік базаларда жеткілікті мәлімет жинап, сапалы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – жай ғана қадам емес, нақты кәсіпорындарды қолдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін шешуі фактор.
Дегенмен депутаттар алақайлап, бөрікті аспанға атуға асықпады. «Аманат» фракциясы бастамашы болған заң жобасына аманаттықтардан да сұрақ бар.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Самұрық-Қазына» 3 мұнай газ саласындағы киттер, біздің тау кен өндірісіндегі бүкіл компаниялар өздері ереже жасап алған. Олар арнайы сертификаттар аласыңдар, содан кейін барып тендерге қатысасыңдар, - дейді. Ал ол сертификаттардың бағасын 240 мың долларға дейін барады. Мына заңды жасағанда біз реестрді де жасаймыз деп отырмыз ғой. Ішіне біз отандық тауар өндірушілерді кіргіземіз деп отырмыз ғой. Кіргіздік пе, ол отандық тауар өндіруші тендерге тікелей қатыса алатын болуы керек.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол дұрыс, сертификат береміз, реестрге аламыз. Ол өнім өндіру керек қой ең алдымен. Ең алдымен, жаңағы кәсіпкер жұмыс істеуі керек. Сертификат беріп, реестрге тауар өндірушілерді тіркегенде олардың тауарларын сатып алуды да ұйымдастыру керек. Оны ешкім ойлап атқан жоқ.
Хош, сонымен тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заң жобасы деп аталған құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл тізімге кірген тауар өндірушілер шынын айтқанда, Made in Kazakhstan бола алады деп айтуға болады.
Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин