«Алтын бесік»
Көрермендерге жол тартатын «Алтын бесік» реалити-шоуы туған жеріне тағзым етуді естен шығармай, ауылын көркейтіп, дамытуға атсалысып жүрген азаматтардың ісін насихаттайды. 12 бөлімнен тұратын бағдарламаға кейіпкерлер ретінде туған жерінің, ауылының көркеюіне атсалысып, қол ұшын созып жүрген танымал кәсіпкерлер, эстрада мен спорт жұлдыздары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары мен өзге де ерен еңбегімен ел аузына іліккен тұлғалар, сондай-ақ 100 жаңа есім» жобасына енген меценаттар қатысады.
Бағдарлама форматының ерекшелігі ондағы кадрдан тыс мәтіннің де кейіпкер дауысымен дыбысталатындығында. Көрермен кейіпкердің сұхбатын тамашалап, оның өмірбаяны мен қызықты оқиғаларын өз аузынан естіп қана қоймай, дикторлық қабілетін де бағалай алады.
Көрермендер ауылдан шыққан танымал тұлғалардың өз аузынан туып өскен өлкесіндегі көне кесенелер, мұражайлар, ескерткіштер мен маңызды тарихи оқиғалар орын алған жерлер туралы мәліметтермен таныса алады. Сонымен қатар бағдарлама кейіпкері балалық шағына оралып, өзімен қатар өскен құрбы-құрдастарымен бірге сүйікті ойынын ойнап, көрерменді тәнті етеді.
Жоба тек туған жерді көрсетумен шектелмей, кейіпкердің өскен өңіріндегі үйі мен оқыған мектебін таспаға тартып, ұстаздары, туған-туысы, дос-жараны әңгімеге араластырады. Шығармашылық топ әр бағдарламада кейіпкерлердің елді елең еткізер қызықты оқиғаларын, өмірінің көпшілік біле бермейтін, жасырын болып келген тұстарын көрермен назарына толық ұсынады.
Жұма күні сағат 15:00-де Қазақстанның қарыштау жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ізгі жандарды Сіздер де біле жүріңіздер!