«Өз үйім»
«Өз үйім» комедия жанрындағы туындыға отандық шоу-бизнес өкілдері жұмылдырылған.
Жаңа жобада қазақ музыка өнерінің майталмандары Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, сондай-ақ Жанболат пен Жазира, Бүркіт пен Аиша және Арман Қоңыров пен Аша Матай басты рөлдерді сомдайды.
Оқиға басты кейіпкерлердің үш ұлы мен олардың келіншектері арасында өрбиді. Ұлдарының жеке тұруына түбегейлі қарсылық танытып келген әулеттің үлкені Қанат Құдайбергенов шаңырағында әскери тәртіп болғанын қалайды. Оның әр сөзі заң, талқыланбайтын бұйрық десе де болады. Үш ұлы да қоғамда өз орындарын тапқанымен, үшеуі де ешқашан әкелерінің сөзінен аттап өткен емес.
Айтпақшы, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан үш келін арасындағы түрлі келіспеушіліктер де телехикаяны қызықты ете түседі. Сондай-ақ отанасы Айткүл Құдайбергенова ауызбіршілікті бәрінен жоғары қоятын, бір отбасын айрандай ұйытып отырған парасатты ана рөлін сомдайды.