Хабар телеарнасы

news


«Біз көрген соғыс»

«Біз көрген соғыс»

«Хабар» агенттігі «Жеңіске құрмет!» шарасына атсалысуға шақырады. Соғыс тарихына өз үлесімізді қосуға біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Отбасылық фотомұрағатты ақтарып, соғыс жылдарындағы фотосуреттерді тауып алыңыз. Сарғайған суреттер – сол кездегі  қиын-қыстау заманда төгілген жас пен көрген қиындықтардың бұлтартпас айғағы.


«Жеңіске құрмет!»

«Жеңіске құрмет!»

Акция аясында біздің ұжым Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне сый-сыяпат жасап, ерекше құрмет көрсетпек. Ізгі шараның шымылдығы елордадағы Ұлттық мұражайда ашылды. Салтанатты жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекеттік орган қызметкерлері, Парламент депутаттары және «Жас Ұлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты.

«Хабар» агенттігі құрамындағы телеарналардың жүргізушілері шараға келген Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ыстық ілтипатпен құшақ жая қарсы алды. Қан майдан даласында елдің ертеңі үшін, ұрпағының жарқын келешегі үшін күрескен Ұлы Жеңіс сарбаздарына қалай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Себебі майдангерлер оған сөзсіз лайық.

Салтанатты шара басында «Хабар» агенттігінің алтын қорынан Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының дауысы жазылған бейне ұсынылды. Айта кету керек, сұрапыл зұлмат жылдарды бастан өткеріп, бейбіт өмір сыйлаған батырлардың ерлігіне тағзым ету мақсатымен «Хабар» ұжымы арнайы қор құрды. Қайырымдылыққа бастайтын бұл шараға 4 телеарнаны топтастырып отырған агенттіктің қызметкерлері тұтас атсалысты. 

Айдос Үкібаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы

-Біздің «Хабар» агенттігі ұжымының барлық қызметкері шараны бірауыздан қолдап, өздерінің бір күндік айлықтарын осы акцияға арнады. Қор құрылды. Сол қордан енді осы республикалық акцияны бастадық. Аталған акция бір ай бойы жалғасады. Аймақтағы барлық ардагерлердің әрқайсысына жетеміз деп ойлаймыз. 

Қадан Бекенов, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Соғысты жеңгеніміз – елде қалған ата-аналарымыз, іні-қарындастарымыз, ағаларымыз, апаларымыздың еңбегі. Күні-түні жұмыс істеп, азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жіберіп тұрды. «Хабар» арнасының ұжымы келе жатқан Жеңіс күні қарсаңында бізді шақырып, Қазақстанда алғаш болып акция ұйымдастырғандарыңызға көптен-көп рахметімді білдіремін.

Тезекбай Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Барлығына рахмет! Барлығына разымыз. Енді соғыс болмасын. Тыныштық берсін, аманшылық болсын!

Жәния Берниязова, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Жақсылық болсын сендерге. Аспандарың ашық болсын. Жерлерің тың болсын. Еліміздің үлкен жетістіктерге жеткені біз үшін үлкен мереке. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. 

Сауытбек Әбдірахманов, «Егемен Қазақстан РГ» АҚ президенті 

-«Хабардың» осы акцияны әртүрлі қырынан өткізіп жатқанын көріп, ерекше сүйсіндім. Ардагерлерге тұрмыстық мұқтаждарынан бастап, өздерінің соғыс жылдарындағы ерекше сағынышқа байланысты заттарына дейін алып беріп, ерекше қуантып жатқандарын көріп, риза болып отырмыз. 

Ринат Думанұлы, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері

-9 сәуір мен 9 мамыр аралығында бір ай бойы республиканың түкпір-түкпірінде, тек облыс орталықтары, Алматы мен Астана ғана емес, шалғай ауылдарда, аудандардағы ардагерлерге ерекше сый-құрмет көрсетіледі. Көмекке зәру, қолдауға мұқтаж азаматтарға өздеріне керек заттармен қамтамасыз етіп, арнайы табыстайтын боламыз

Теледидар мен түрлі тұрмыстық техника, тіпті сазды баян және ұлттық костюмдер тарту етіледі. Сондай-ақ бүгін ардагерлер назарына ұсынылған концерттік бағдарлама шеңберінде Ұлы Жеңіске арналған әндер шырқалды.

«Жеңіске құрмет!» акциясы барысында «Хабар» агенттігі соғыс жылдарындағы суреттер мен құнды құжаттарды жинақтап, Ұлттық мұражай қорына тапсырмақ. Алғаш болып қызылордалық отбасы бастамаға үн қосты. Отбасылық мұрағатта сақталған, 70 жыл бұрын қан майданнан жолданған хат музей қорына қосылды. Айта кетейік, Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлттық музей «Батырларға құрмет» атты көрме өтеді деп жоспарланған. Онда соғыс жылдарындағы аудио, бейнежазбалар мен фотоматериалдар қойылмақ. Көрме мамыр айының 4-інде ашылады.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Батырбек Ғаділбек, Жәнібек Дәулетбек