«Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет!» акциясы одан әрі жалғасуда. Бүгін біздің тілшілеріміз Жеңіс туын жақындатқандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Бақытқали Әбжановтың үйінде болып, бейбіт заман ұрпақтарының алғысын жеткізіп қайтты.
Жеңіске құрмет өңірде!
Ерлік елге мұра, ұрпаққа мирас. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге құрмет көрсетуді қолға алған «Хабар» агенттігінің ұжымы майдангер Шәріп Рақымжаровты құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Ерлікті бағалау деген осы да.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін жан қиған ардагерлерді есте алып, көзі тірілеріне құрмет көрсету бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұрпақтарға парыз.
Солтүстік Қазақстандағы түсіру тобымыз «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында «Хабар» агенттігінің атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Мұхамеджановты құттықтап қайтты. Қарт майдангер сұрапыл жылдары жаяу әскер қатарында Украина, Молдова, Румыния, Болгария, Югославия елдерін азат ету ұрыстарына қатысқан.
«Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет!» шарасы аясында елдің әр аумағындағы майдангерлерге сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілуде. Агенттік қызметкерлері 1 күндік жалақыларын ардагерлерді қуанту үшін аударған болатын.