«Хабар» агенттігі майдангер Раиса Денисованы мерекесімен құттықтады
Майдангер жастық шағын Ленинград қоршауында өткізіп, өзі де Жеңіс әперуде аянбады. Раиса Денисова Жеңіс мерекесін асыға күтеді. Өйткені бұл күні – ол үшін қос қуаныш. Тура Жеңіс мерекесі күні 89 жасқа толмақшы. Майдангер апарған сыйлығымызға қуанып қалды. Себебі көптен бері теледидары істен шығып қалыпты.
Раиса Денисова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Сіздерге өте ризамын! Көптен бері осындай тамаша теледидарға қол жеткізе алмай жүр едім. Сіздердің агенттіктің қызметкерлеріне еңбектеріңізге жеміс, бақыт тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен!
Раиса Александрқызы соғыстың зұлматтарын еске алғысы келмейді. Ленинградта туып өскен ол қоршауда қалған қалада аштық азабын әбден тартқан.
15 жастағы қаршадай қыз барлық туған туыстарынан айрылды. «Күніне 125 грам қара нан берілетін, бір күні сол бір үзім нанды үйге жеткізгенше анам жан тапсырды. Қанша жыл өтсе де ол сұмдықты ұмыта алмаймын», – дейді ардагер.
Раиса Денисова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Дабыл қағылды да бәріміз жертөледегі бомбадан сағалайтын орынға асықтық. Бүрсеңдеп суық жерде отырған сол күндерді көзіңе жас алмай еске алу мүмкін емес. Жұрт жанын шүберекке түйіп, үрей құшағында қалды.
Жау қоршауында қалған қаладан тұрғындарды көшіру кезінде Раиса Александрқызы кеңес әскерлері шоғырланған бөлімге түседі. Осында жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, кейін ұшақтарды жөндеумен айналысады.
Раиса Денисова, Ұлы Отан соғысының ардагері
-8 мамыр болатын. Соғыс аяқталды деген хабар алдық. Солдаттар мен офицерлер, құрбыларым бар, бәріміз қуаныштан жылап жүрміз. Енді мұндай сұмдық ешқашан қайталанбаса екен!
Жеңіс күніне де санаулы күндер қалды. Раиса әжей бұл мерекені жақындарының арасында қарсы алады. «Ал жастарға айтарым, бейбіт күннің қадірін біліңдер, Қазақстан сияқты мемлекетте әр түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүрудеміз. Бізге керегі осы – достық пен бірлік», – дейді әжімдеріне қуаныштың жасы ұялаған майдангер әже.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы