«Өмір жолы». Қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев
Кенен Әзірбаев 1884 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарған. Сондай-ақ екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы.
Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.